Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламентіндегі Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры, жазушы, драматург Жабал Ерғалиев 70 жаста!

 Республикаға кеңінен танымал қоғам қайраткері, жазушы, драматург, ұлт жанашыры Жабал Ерғалиевтің 70 жылдық ғибратты ғұмырнамасынан үзік сыр

 Алла тағаланың берген таланты мен көш бастайтын данадай көрегендігімен елді бірлікке жұмылдырып, ұлттық құндылықтарымызды қызғыштай қорғау жолында алғырлық, ұстамдылық, парасаттылық танытып жүрген Көкшенің асыл перзенті, қадірлі замандасымыз Жабал Ерғалиевтің бойындағы адамгершіл қасиеттерді әрдайымда мақтанышпен айтқымыз келеді де тұрады. Өйткені, ел ардақтысының саясат пен руханияттағы, әдебиет пен журналистикадағы жетістіктерін ой елегінен өткізген сайын көз алдымызда редактор, жазушы, драматург, қоғам қайраткері Жабал бауырымыздың зор тұлғасы елес бергендей.

Жабал редактор! Көкше өңіріндегі шежірелі тарихы бар Қарағаш ауылында 1952 жылдың 30 қазанында өмірге келіп, арман жетелеуімен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейінгі елу жылғы шығармашылық қызметінде баспасөзден бір сәтте қол үзген емес. 1973 жылы облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің редакциясына тілші болып қабылданып, осы басылымның бас редакторының орынбасары дәржесіне дейін өсті. Облыс таратылғанда қалалық «Көкшетау» газетін ашып, облыстық «Арқа ажары» мен «Көкшетау» әдеби-көркем журналының бас редакторы болып істегенде де ол өзін нағыз реформатор қаламгер ретінде көрсете білді. Әсіресе, газеттерді түрлі-түсті бояумен шығару ісін алғашқылардың бірі болып қолға алды. Қазіргі таңда «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігін басқарып, әріптестерінің шығармашылық ізденісіне шабыт беруде. Бұған Сәкен Сейфуллин негізін қалаған 105 жылдық тарихы бар бүгінгі облыстық «Арқа ажары» газетінің 2011 жылы Президент Грантына ие болуы айқын дәлел.

Әрине, апта сайын бояуы кеппеген газеттің жаңа санын қолына алған әр адам оның қандай машақатпен шығатынын біле бермейді ғой. Айта берсек, себеп көп. Баяғыдай редакция қоржынына түсетін авторлық хаттар күрт азайғандықтан, материалдарды негізінен журналистердің өздері жазады. Ал, қоғамда қызу пікірталас тудыратын өткір әрі тұшымды мақала жазу үшін ауылды аралау керек. Қайнаған тіршілікті көзбен көріп күш-қуат алғанға не жетсін. Алайда, қаржының тапшылығынан, нарықтың қыспағынан елге іссапарға шығу қысқарды. Міне, түптеп келгенде өзекті осы мәселелер жинақталып, жүйкені жұқартатын проблема туғызады. Әрине, қазіргі таңда осы айтылғандардың азабын көріп отырған жалғыз адам, ол – редактор ғана. «Ақмола-Тіршілік» серіктестігі жағдайында оны шешетін жалғыз адам, ол – директор, яғни Жабал Ерғалиев ғана. Бұған оқырмандардың да, біздің де сеніміміз мол.

Жабал жазушы! Жауапкершілігі мол редакторлық қызметті шығармашылықпен сәтті ұштастырып, он алты прозалық кітап пен алты драмалық туынды жазу шын талант иесінің ғана қолынан келетін іс. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының сахналауымен «Қилы жол» тарихи драмасы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып, Тараз қаласында өткен мәдени шарада көрермен назарына ұсынылса, «Қас-қағым» метафизикалық трагедиясының Қырғызстанда өткен V халықаралық «ARTORDO» театр фестивалі мен «ЭХPO-2017» халықаралық көрмесінде бас жүлдені жеңіп алуын, сөз жоқ, қазақ мәдениеті мен өнерінің үлкен жетістігі деп білеміз. Ал, енді Жабал Ерғалиұлының бойындағы тамаша қасиеті – шешендік өнері жайлы өзім куә болған бір оқиғаны айтайын. 2010 жылы атақты жерлесіміз Еркін Әуелбековтің 80 жылдығына арналған мәдени шараға қатысу үшін көкшетаулық делегация құрамында мен де Қызылордаға бардым.

Қазақы сөздің сағын сындырмай, туын жықпай келе жатқан ежелгі Сыр жұртшылығының алдында Жабал бауырымыздың көсіле сөйлеген сөзіне тындарман қауым ерекше ілтипат білдіріп: «Апырай, мына жігіт шешен ғой өзі, шешен ғой»,– деп сүйсініс білдірді. Сондағы Жабалдың: «Ең даланды қақ жарып ағып жатқан Сырдарияң бар Сыр елі сен неге терең болмассың?! Қасиетті топырағында Қорқыт бабамның сүйегі жатқан Сыр елі сен неге қасиетті болмассың?! Төрінде Төретамын мен Байқоңырың бар Сыр елі сен неге биік болмассың?! Теренсің Сыр елі! Қасиеттісің Сыр елі! Биіксің Сыр елі!»,– деп айтқан жүрек қылын шертер тебіреністі сөзін залда тыңдап отырған Күлше Оспанқызы жеңгеміз: «Айналайын-ай, Еркін ағаңды асқақтатып, мына қалың Қызылорданы аруақтандырып жібердің-ау!» деп Жабал інісіне ризашылығын білдірді. Ел ардақтысының мерейтойына арналған салтанатты кештің ажарын келтірген қуанышты осы сәт Чапай Әбутәліпов, Рүстем Шериязданов, Кеңес Бектасов төртеуміздің де мерейімізді өсірді.

Жабалдың өресі биік азамат болып қалыптасуы текті әулеттің перзенті екендігінде. Ұлы атасы Бабаназар қажы атақты тарихи тұлға Науан хазірет Үркітке жер аударылғанда Петерборға, ақ патшаға барып, босаттырып, елге алып қайтқан адамның бірі болатын. Ал, Ерғалидың әкесі Жұмжұма атасы да Науан хазіреттен дәріс алған, мұсылмандықты ұстаудың үлкен үлгісін көрсеткен оқымысты. Жабалдың өз қаражатына Қарағаш ауылында салғызған жаңа мешіт осы атасының есімімен аталады екен. Кешегі коллективтендіру мен неміс-фашист басқыншыларымен болған қырғын соғыс бұл әулетті де қайғы-қасіретке душар етті. Әкесі Ерғалидың төрт бірдей бауыры Мұқамедқали, Нұрғали, Нәбікен, Қинаят майдан шебінде шәйіт болса, ал Жабалдың өз анасы Үмітжан он келі қара бидай үшін он жылға сотталды. Қаршадайынан көкірегін өрттеген осы өкініштер оны тым ерте есейтті. Бәлкім содан  болар Жабал қоғамда болып жататын өзгерістерге ерекше байыппен қарап, ойланып-толғанып ғана пікір айтуға тырысады.

Жабал қайраткер! Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының V-VІ-шы шақырылым депутаты болған кездегі оның белсенді қызметін бір ауыз сөзбен түйіндейтін болсақ, ол өзіне жүктелген халық аманатын абыроймен ақтап шықты. Еңбекшілдер ауданына жыр дүлдүлі Біржан салдың, облыстық филармонияға Үкілі Ыбырайдың, Төтенше жағдайлар академиясына Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин мен Красный Яр селосындағы ұлттық спорт мектебіне Балуан Шолақ есімінің берілуіне көп еңбек сіңірді. Иә, Көкше тарихындағы Жабал Ерғалиұлы бастамашыл болған елдік істер мұнымен шектелмейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Көкшетауда үш жүздің ұлы ханы Абылайға ескерткіш орнату идеясын көтергендердің бірі де Жабал болатын. Халықтың қолдауымен осы ұсыныс пісіп-жетілген шақта ескерткіш орнатылатын жерге ұлы бабамыз жерленген киелі Түркістаннан бір уыс топырақ әкелу идеясын да айтқан Жабалдың өзі болатын. «Шешінген судан тайынбас» дегендейін, Түркістанға да өзі барды. Бұл нағыз көзсіз ерлік емес пе!

2011 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына депутат болып сайланғанда Көкшеге перзенттік сағынышы ретінде жазған мақаласын қариялар көзіне жас алып оқығанын жақсы білеміз. «Жүрегінде Көкшетауға деген сүйіспеншілігі, көңілінде Көкшетауға деген адал пейілі мен ниеті бар азамат қана Көкшетауды бүгінгідей көркейтіп, бүгінгідей нұрландырып, бүгінгідей асқақтата алады. Көкшетау сынды бұл қаланы көркейту үшін қаржы ғана емес, бұл қалаға деген махаббат пен сүйіспеншілік те керек. Иә, Көкшетау көңілдің қаласы, Көкшетау жүректің қаласы, Көкшетау ой мен сезімнің қаласы. Осы бір жай Көкшетауға қызмет бабымен келіп-кетіп жатар кім-кімнің де әрдайым есінде болса екен! Кімде-кім Көкшетауға келмес бұрын әуелі менің Көкшетауды сүйіп кел!» – деп Жабалдың сондағы айтқан ойларын қайра жаңғыртып бүгінгі жетістіктерімен салыстырар болсақ, бұл аманат орындалған сыңайлы.

Көкшетаудың тап қазіргі әсем көрінісі жалғыз ғана қала тұрғындарын еес, сырттағы жамағатты да қызықтыруда. Ару шаһарымызға келген меймандар мен іскер топ өкілдері өздерінің қызығушылығын білдіріп жатады. Әрине, мұндай игілікті істің басы-қасында ел ағалары тұрары хақ. Бұл орайда облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың ерен еңбегін, жанашырлығын ерекше атағым келеді. Қайталанбас қайсар мінезді ел ардағы Еркін ағаға ескерткіш орнатқанда өңір басшысы өршіл мінез, табандылық танытты. Елдің зиялыларымен бірге ұлт жанашыры Жабал да қолдан келген көмегін аямай, сүйеніш бола білді.

* * *

Қазақстанның халық жазушысы Сәкен сері Жүнісов айтқанындай, азаматтардың бойынан аз көрінетін кісілік пен кішіпейілділік, елге деген сүйіспеншілік пен құрмет, арманды мақсат пен адал ниет Жабал бауырыма ғана тән табиғи қасиет, туалы мінез, аталы өсиет екенін мен де мақтаныш етемін. Жетпіс белесіңіз құтты болып, саясат пен руханият әлемінде жұлдызыңыз жарқырай берсін!

Шияп ӘЛИЕВ,

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Көкшетау қаласының құрметті азаматы