«Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар ақмолалықтар наградаларға және естелік сыйлықтарға ие болды.

Іс-шараға облыстың ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері, агроөнеркәсіп кешенінің ардагерлері, сала мамандары қатысты. Фойеде өңірдің өңдеуші кәсіпорындарының ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде ауыл шаруашылығы саласының экономикадағы стратегиялық рөлін атап өтті, өйткені жер бетіндегі күнделікті еңбек жалпы халықтың азық-түлік қауіпсіздігінің сенімді кепілі болып табылады.

«Біз жыл сайын елдің жоғары сапалы азық-түлік бидайының төрттен бірін өндіретін жетекші ауыл шаруашылық өңірлерінің біріміз. Агроөнеркәсіптік кешен қарқынды дамып келеді, жақсы нәтижелер көрсетуде. Биылғы ауа-райының күрделі жағдайында сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесінде облысымыз 3 млн тоннадан астам астық жинады. Бұл біздің ішкі қажеттілігімізді толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Облыста мал шаруашылығын дамыту мәселесінде оң өзгерістер байқалады.

Шаруашылықтың жалпы өнімінің көлемі жыл сайын артып келеді, бірақ осыған қарамастан, біз осы саланы дамытуға ерекше назар аударуымыз керек», – деп атап өтті облыс басшысы.

Өндірісті жаңғырту үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жыл сайын 2 мыңнан астам заманауи жоғары өнімді техника сатып алатынын атап өту қажет.

Облыс үшін негізгі басымдық сүт-тауар және ет фермаларының жаңа қуаттарын құру және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту болып табылады.

Өңірде өндіріс көлемін ұлғайту шеңберінде шамамен 300 млрд теңге сомасына 71 инвестициялық жоба іске асырылуда, бұл ет өнімдері, шикі сүт, өсімдік майы, ұн және жарма өнімдерін өндіруді ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін марапаттарға ие болды. Олардың қатарында «Еңбек ардагері», «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» медальдары, құрмет грамоталары, сондай-ақ ҚР Премьер-Министрінің, ҚР Сенаты мен Мәжілісі төрағаларының, облыс әкімінің алғыс грамоталары бар.

Салтанатты іс-шара көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен мерекелік концертпен аяқталды.