Облыстық аурухана алдындағы аллеяда Ұлы Отан соғысына қатысушы, Ф.Найтингейл медалінің иегері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Мария Петровна Смирнова-Кухарская, Қазақ дәрігерлері ішінде тұңғыш Социалистік Еңбек Ері, соғыстан кейін Көкшетау облысы денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісі болған соғыс ардагері Ысқақ Әлібеков, Социалистік Еңбек Ері, ауданның бас дәрігері қызметінде болған Раиса Боронина, «Қазақ-станның Еңбек Ері» айрықша дәрежесі бойынша Алтын жұлдыз бен «Отан» орденінің иегері, қалалық аурухананың жансақтау бөлімшесінің меңгерушісі, пандемия кезінде көз жұмған Олег Исаевтың құрметіне мемориалдық кешен ашылды.

Бұл кешен денсаулық сақтау саласы ардагерлерінің және коронавирус инфекциясымен күрес кезінде өз өмірінен өзгенің тағдырын биік қойып, жұмыс орнында көз жұмған ақ халаттылардың есімдерін ұлықтауға арналған. Әскери дәрігерлер қашан да оқ пен оттың арасынан табылатын ержүрек жандар. Өзінің қызметтік міндетін орындай отырып, ортақ жеңіс үшін аянбай тер төкті. Көпшілігі ажал құшты. Ал, бейбіт өмірдегі олардың ізбасарлары – дәрігерлер коронавирус кезінде алдыңғы шептен табылып, тәулік бойы өзгенің денсаулығы үшін күресті. Әлемді жайлаған пандемияда медицина қызметкерлері нағыз ерліктің үлгісін көрсетті.

Салтанатты рәсімге қатысқан Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса өзінің антына адал болып, қауіпті дертпен күресте жанын аямаған жандарға алғысын білдірді. Олар елге келген індетті ауыздықтап қана қоймай, күні-түні демалыссыз жұмыс істеді. Өздері де дертке шалдықты, бірақ адам жанына араша түсуін тоқтатқан жоқ. Сол үшін де бүгінгі ескерткіш қойылып отыр.

Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің Аллеясы 2011 жылы ашылған. Соңғы 2 жылда фотогалерея қалпына келтірілді. Бүгін мемориалдық кешен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің естелік стеллаларымен толықты. «Бір бәріміз бірге жұмылған жағдайда ғана алға қойған мақсаттарымызға жете аламыз. Бүгін осындай жиында белсенділік танытқан жоғары медициналық колледжінің студенттеріне және оқытушылық құрамына алғысымды білдіремін. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деп бекер айтылмаса керек-ті», – деді

«Ұлттық медицина қауымдастығы»республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Айжан Садықова. Шара барысында «Шипалы алақан» медалімен Қ.Құрманбаев атындағы облыстық фтизиопульмонология орталығының медбикесі Бибігүл Ысқақова, облыстық психикалық денсаулық орталығының әлеуметтік-құқықтық көмек бойынша медбикесі Ирина Симинишина марапатталды. Сонымен қатар бірқатар медицина қызметкерлері «AQNIET» денсаулық сақтау қызметкерлері салалық кәсіподағының Ақмола филиалының және облыстық денсаулық сақтау басқармасының грамоталары табыс етіліп, мемориалдық кешенге гүл шоқтары қойылды.

«Көкше-ақпарат»