Қала әкімі Бауыржан Ғайса «Достар» мәдениет сарайында медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Қала басшысы өзінің құттықтау сөзінде қаламыздың денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жақсарту жолында әрбір маманның қосқан үлесіне тоқталып,  емдеу мекемелерінде әлемдік деңгейде жасалатын оталарды жасау қолға алынғанын, кардиология, онкология, бала мен ана денсаулығын жақсарту, алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем қызметі  бағытындағы жұмыстар мен жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету бойынша да өзге елдердің медицинасымен иық тіресе алатындығымызды атап өтті.

Кез-келген қоғам үшін ең маңызды болып табылатын, адам денсаулығы мен оның белсенді өміріне адал қызмет ететін ең игі, мейірімді, ардақты мамандық-дәрігер мамандығы екені баршаға аян. Бұл күні медицина саласының дамуына елеулі үлес қосқан бір топ мамандар алғыс хат, дипломдармен марапатталды.

Салтанатты шара соңы «Көкшетау» мәдениет сарайының өнер ұжымдарының бағдарламалық концертіне ұласты.

Әсем ҰЛАНҚЫЗЫ