Ақмола облысында спорттық, ғылыми-білім беру, жастар, қайырымдылық бағытындағы ерекше қажеттіліктері бар адамдармен өзара әрекеттесу жөніндегі 600 үкіметтік емес ұйым бар.

Қазақстанның кезекті ХІ азаматтық форумы аясында Көкшетауда «Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін өңірлік ресурстарды біріктіру» атты өңірлік форум өтті. Іс-шараға облыс әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров, азаматтық қоғам институттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Өңір басшысы өзінің құттықтау сөзінде азаматтық қоғам институттарын дамыту – еліміздің стратегиялық міндеті екенін атап өтті.

«Азаматтық сектор табиғаты бойынша қоғамның әртүрлі секторлары арасында делдал ретінде әрекет етуге, проблемаларды анықтауға және жекелеген әлеуметтік топтардың мүдделерін зерттеуге арналған. Ел Президенті әрқашан «Мемлекет пен қоғамның диалогына» ерекше назар аударады. Кеше ғана Мемлекет басшысы азаматтар мен үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметіне мониторинг пен бағалауға қатысуына неғұрлым кең мүмкіндіктер бере отырып, елдегі азаматтық қоғамның рөлін нығайтатын «Қоғамдық бақылау туралы» маңызды заңға қол қойды», – деп атап өтті М.Ахметжанов.

Пленарлық отырыс барысында азаматтық сектор өкілдерінен – ғылыми-зерттеу зертханасының басшыларынан Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті КеАҚ қауымдастырылған профессоры Г.Рақишеваның, «Әділдік жолы» РҚБ филиалы Е.Жайықбаевтың, «Kazakhstan Innovations» ҚҚ М.Әбішеваның және т.б. бірқатар баяндамалар тыңдалды.

Іс-шара соңында еліміздің мемлекеттілігі мен егемендігін нығайтуға елеулі үлес қосқан үздік ҮЕҰ облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды. Айта кетсек, форумның бірінші бөлімінде 4 панельдік сессия, диалог алаңдары өтті. ҮЕҰ өкілдері пікір алмасуға мүмкіндік алды, бұдан әрі бірлесіп жұмыстар жүргізу үшін бірқатар ұсыныстар әзірленді.

«Көкше-ақпарат»