Өңіріміздегі Мәлік Ғабдуллин музейіне Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі арнайы келіп, «Батыр тұлға – Бауыржан» атты жылжымалы көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Шара алдында орталық саябақта тұрған батыр Мәліктің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Ұйымдастырылған көрмеде Кеңес Одағының Батыры, әскери қолбасшы, Мәлік Ғабдулиннің жанашыр ағасы Бауыржан Момышұлының тұрмыста тұтынған заттары, әскери киімдері, қолжазбалары мен хаттары және өз қолымен ойған оюлары қойылды. Жиында сөз алған Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары, көрменің жетекшісі Жанна Киікбайқызы: «Құрметті әріптестер, қала тұрғындары бүгінгі біздің сіздерге келу себебіміз, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Көкшетау қаласы еліміздің мәдени астанасы болып жарияланды. Сіздерді құттықтай отыра, еңбектеріңізге табыс және жеміс тілейміз. Бұл музеймен 2016 жылдан бері ынтымақтастық меморандум негізінде бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Алдағы уақытта да бүгінгі жас ұрпақтың рухани баюына атсалысамыз деген ойдамын», – деп жүрекжарды лебізін жеткізді. Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі атынан Мәлік Ғабдуллин музейіне алғыс хат табыс етілді. Естелік ретінде музей қорына екі батыр тұлға мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай салынған Суретшілер одағының туындысы сыйға берілді.

Айғаным АСЫҒАТОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *