Облыс орталығында тұрғын үй құрылысы қарқынды даму үстінде.

Көкшетау қаласы әкімдігінің ақпараты бойынша, жыл басынан бері 200 871 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде коммерциялық тұрғын үй – 182 944 шаршы метр, мемлекеттік тұрғын үй – 2527 шаршы метр, жеке тұрғын үй құрылысы – 15 400 шаршы метр.

Бүгінгі таңда 48 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде бюджет есебінен 28 үй салынуда. «Сарыарқа шағын ауданында 45 пәтерлік бес тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. Қазіргі уақытта орындалған жоспар 80-85 пайызды құрайды. Жаңа жылға қарай барлық жұмыстар аяқталады. Келесі жылы үйлер жалға беріледі, оған 225 отбасы қоныстана алады. Бұл тұрғын үй «Отбасы Банкте» кезекте тұрғандар үшін қарастырылған», – деп атап өтті әкімдікте.

Биыл облыс орталығында 6 үй тапсырылды: 4 жалға берілетін және 2 кредиттік үй. Бірінші тоқсанда 2 жалдамалы үй тапсырылды, 100-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлады. Сондай-ақ, Республика күнін мерекелеу аясында 2 жалдамалы үй тапсырылып, 65 отбасы пәтер кілтін алды.

Көкшетау қаласының бас жоспарын түзету бойынша да жұмыстар жалғасуда, аталған жұмысты 2025 жылы аяқтау жоспарлануда. Қазіргі уақытта Көкшетау бойынша жеке тұрғын үй салу үшін шамамен 28 000 адамжер кезегінде тұр. Станционный кентінде жеке тұрғын үй құрылыстары мен орамішілік инженерлік желілер массиві үшін сыртқы электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы жүргізілуде.

Айта кетейік, жыл соңына дейін қалада 6 үй тапсыру жоспарлануда. Қалған нысандар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, ол келесі жылы аяқталмақ.

«Көкше-ақпарат»