Степногорск қаласында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Бұл Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің бастамасын іске асыру шеңберінде жасалды. Орталыққа пайдалнуға беру «Samruk-Kazyna Trust» қоры қолдап «Алтын-Алмас» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен мүмкін болды. Орталық дамуында ерекшеліктері бар балаларды қолдауға бағытталған.

Жыл сайын 3 айдан 3 жасқа дейінгі дамуында тежеуі және олардың туындау қатері бар 600 бала оңалту көмегін тегін алып, қажетті диагностикадан өте алады. Орталық кішкентай науқастарды қабылдауға дайын. «Алтыналмас»   компаниясы 700 шаршы метр алаңда  жөндеу жұмыстарын жүргізді.  Жоба құны 59 миллион теңге.  Барлығына сапалы материалдар қолданылып заманауи үлгіде жасалған.

«Біздің орталықта түрлі бағыттағы мамандар жұмыс істейді. Бұл психолог, эрготерапевт, дефектолог, логопед, реабилитолог, невропатолог, педиатр, физиотерапия нұсқаушылары. Олар міндетті түрде барлық балалармен жұмыс істейді. Орталықта аудиоскрининг және  ЭЭГ мониторинг жүргізіледі»,–дейді «Қамқорлық» оңалту орталығының меңгерушісі Нүрия Махатова.

«Қамқорлық» клиникасында жергілікті азаматтар үшін күндізгі стационар және жақын маңдағы ауылдардан келгендер үшін төсек-орын қарастырылған. Мамандардың айтуынша, кез-келген оңалту психологтың кабинетінен басталуы керек. Орталықта осы бағыттағы жоғары білікті дәрігерлер көмек көрсетеді.

Психолог Евгения Канаева балалармен ғана емес, олардың ата-аналарымен де жұмыс істеген дұрыс — дейді. «Аналар мен балалар алғашқы кеңес алуға келеді. Оның барысында баланың негізгі проблемалары нақтыланады. Біз зерттейміз, қараймыз, талдаймыз. Ата-анаға ұсыныстар беріледі және сабақ циклі, оның жиілігі құрылады. Әрі қарай түзету және дамыту жоспары бойынша сабақтар өткізіледі. Диагноздардың спектрі өте кең, ең көп тарағандарына сөйлеу кідірісі бар балалар жатады», – дейді «Қамқорлық» оңалту орталығының психологы Евгения Канаева.

Орталықтың міндеті ертерек араласу арқылы мүгедектіктің алдын алу мен оны болдырмаудың жолын іздеу, өмір сапасын артыру, балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу. Оңалтудың орташа  курсы-21 күн. Орталық жұмысын биыл ақпан айында бастады. Осы уақытқа дейін  70-ке жуық мұқтаж балаға көмек көрсетілді. Қазақстанда барлығы осындай 22 клиника бар.

  «Көкше-ақпарат»