Өңірде бұқаралық спортты дамыту жоспары аясында дене шынықтырумен және спортпен айналысатын тұрғындардың саны жыл сайын артып келеді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 2021 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5 пайызға артып, 35,7 пайызды (жоспар бойынша – 34,3 пайыз) немесе 262707 адамды құрады. Республика бойынша Ақмола облысы дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтарды қамту бойынша 3-ші орыннан көрінді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, балалар мен жасөспірімдерді спорт мектептері мен клубтарының секцияларымен қамтудың өсуі байқалады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша спорт мектептерінде және балалар-жасөспірімдер клубтарында шұғылданушылар саны 3,4 мың адамға артып, 24557 адамды немесе 15,6 пайызды құрады. Бүгінгі күні облыста 1252 дене шынықтыру ұжымы жұмыс істейді, оларда 262707 адам шұғылданады.

Ақмола облысының аудандық, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімдерінің статистикалық деректері бойынша дене шынықтырумен және спортпен айналысу үшін 2521, оның ішінде ауылда – 1736 спорттық ғимарат бар. Спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету – 56,5 пайыз. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Бурабай ауданының Мәдениет ауылында, Жақсы ауданының Жақсы ауылында спорт кешенінің құрылысы, сондай-ақ Сандықтау ауданының Балкашино ауылындағы «Урожай» стадионын қайта жаңарту жүргізілуде. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында облыс бойынша 2021 жылы 152697 адамның қатысуымен 1356 спорттық-бұқаралық іс-шара өткізілді, оның ішінде ауылда 128908 адамның қатысуымен 900-ден астам іс-шара өткізілді. Облыс әкімдігінің «кешенді облыстық спартакиадалар өткізу туралы» қаулысына сәйкес және бас санитарлық дәрігердің рұқсатымен спорттың 11 түрі бойынша ұлттық және халықтық спорт түрлері бойынша «Құлагер» спартакиадасы ұйымдастырылды. 2021 жылы президенттік тестілеуге 106875 адам қатысты, бұл облыс халқының жалпы санының 16,4 пайызын құрады (өткен жылы 1,8 пайызға жоғары).

«Көкше-ақпарат»