Дүниежүзінде азық-түлік бағасы бір жылда 34 пайызға өскен.

«Бұл инфляцияның қарқынды өсу мәселесі дүниежүзінде болып жатқан жағдай. Мысалы АҚШ-та бағалардың өсуі 8,8 пайызды, Еуроодақ мемлекеттерінде – 8,6 пайызды құрап отыр. Көршілес елдерде де баға өсуде.

БҰҰ жанындағы Азық-түлік ұйымының деректері бойынша, дүниежүзінде азық-түлік бағасы бір жылда 34 пайызға өскен», – деді Әлихан Смайылов Ұлттық арнада «Жаңа Қазақстан» бағдарламасында.

Премьер-Министрдің айтуынша, бұл жағдай пандемияда басталды, содан кейін түрлі геосаяси жағдайлар болды. Әр мемлекет түрлі шектеулер қойып, логистика мәселелері туындап, осының негізінде әлем бойынша баға өсуде.

«Бізде де инфляция деңгейі қазір 14,5 пайызды құрады. Бірақ дегенмен біз бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу үшін және әрі қарай арзандату үшін арнайы инфляцияға қарсы іс-қимыл жоспарын қабылдап, жыл басынан бері іске асырып келеміз. Оның ең бірінші жүйелі шарасы – ішкі нарықты толығымен отандық өніммен қамтамасыз ету. Ол үшін біз жыл басынан бері ауыл шаруашылығына көрсетілетін қаржылай көмекті екі есеге ұлғайттық. Мысалы көктемгі егіс пен күзгі жинау жұмыстарына қаржыны 70 миллиардтан 140 миллиардқа жеткіздік. Форвардтық сатып алу шараларына қаражатты 40 миллиардтан 80 миллиардқа дейін ұлғайттық», – деді Ә. Смайылов.

Жалпы биыл ауыл шаруашылығына деген қаражат көлемі 300 млрд теңге болса, көктемде бюджетті нақтылаған кезде оны екі есеге ұлғайтқан.

«Сонымен бірге біз апта сайын Үкіметте селектр режимінде бұл мәселені өңірлермен бірге талқылаймыз. Тағы да бірнеше жедел шаралар қабылдаудамыз. Ол біріншіден, сауда-саттыққа байланысты кейбір кедергілерді жою.

Екіншіден, тұрақтандыру қорларына қосымша қаражат бөліп, сол қорларды өңірлерде құру. Айналым схемасы деген арнайы тәсіл бар. Соның нәтижесінде отандық өнім шығарушылар біздің сауда жүйелерін тұрақты бағамен тиісті азық-түлікті қамтамасыз етеді.

Оған қоса, монополияға қарсы реттеу шараларын күшейтудеміз. Былтыр заңнамаға арнайы әлеуметтік тауардағы сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы керек деген норманы қабылдадық. Әрбір сауда орталығында сол норманың мониторингін күшейтудеміз. Осының барлығы бағаларды тұрақтандыруға оң ықпалын тигізеді деп ойлаймыз», – деді Үкімет басшысы.

                                                               «Көкше-ақпарат»