Көкшетауда азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні өтті. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев пен қала әкімі Бауыржан Ғайса халықтың әлеуметтік, тұрғын үй, коммуналдық салалар және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі толғандыратын сұрақтарына жауап берді.100-ден астам мәселе қаралды.Өңір басшысы мен әр түрлі құрылымдық бөлімшелердің жауапты тұлғалары өтініш білдірушілердің сұрақтарын жеке өзі тыңдап, жауап берді. Станционный кентінде тұратын Райхан Тұрлыбекова бірден бірнеше мәселе бойынша – мәдениет үйін, мешіт салу және көше жарығын орнату бойынша өтініш білдірді.

«Мен Станционный кентінде 30 жыл тұрдым. Біз жыл бойы мәдениет үйін салу мәселесін көтеріп келеміз, өзім кітапханашы болып жұмыс істеймін, әр түрлі үйірмелер бар, көптеген балалар бар, оларға орын жетіспейді, өзіміздің мәдениет ошағымыз болғанын қалаймыз», – деді Р.Тұрлыбекова.

Өңір басшысы қала әкімдігіне, мәдениет, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармаларына тиісті тапсырма берді. Қала тұрғындары арасында ең өзекті мәселелердің бірі тұрғын үймен қамтамасыз ету болды. Әрбір жағдай тұрғын үй заңнамасы шеңберінде жеке қаралды. Айта кетейік, өңірде жалпы ауданы 114,8 мың шаршы метр 35 көппәтерлі тұрғын үйді, оның ішінде 41,5 мың шаршы метрге 12 жалға берілетін үйді іске қосу жоспарланған. Коммуналдық салада тұрғындар Сарыарқа және Центральный шағын аудандарындағы көшелердегі жолдарды жөндеу, газдандыруды қамтамасыз ету, абаттандыру сұрауларымен жүгінді. Көкшетау әкімдігіне әрбір мәселені егжей-тегжейлі зерделеп, қысқа мерзімде орындау тапсырылды. Қабылдау барысында коммуналдық қызметтердің жұмысы да атап өтілді.

«Мен мұнда рахмет айту үшін келдім, әсіресе ТҮКШ бөліміне. Өткен жылы Жақсы дүкенінен Сырымбет дүкеніне дейінгі жолды жөндеуді сұрадым. Бізге 30 жыл болмаған тротуар да, жол да салынды», – деді зейнеткер Кенжебек Келісов.

Іс-шара үш сағаттан астам уақытқа созылды, ол көптеген мәселелердің шешімін тапты. Қосымша қарауды қажет ететін мәселелер бақылауға алынды. «Бірде-бір мәселе назардан тыс қалмауы керек. Барлығы қолда бар заңнамаға сәйкес шешілетін болады», – деп қорытындылады  өңір және шаһар басшылары.

«Көкше-ақпарат»