Республика күніне орай Көкшетаудың орталық алаңында қызметтік және мамандандырылған автомобильдердің кілттері салтанатты түрде тапсырылды.

Марапаттау рәсімі ҚР Ішкі Істер Министрлігінің наградалары мен Ақмола облысы әкімінің алғыс хаттарын тапсырудан басталды. Бұл күні аймақ басшысының қолынан 47 полиция көлігінің, бір өрт сөндіруші Камаздың және «Yutong» маркалы 15 мектеп автобусының кілттерін полицейлер, құтқарушылар және білім бөлімдері алды.

«Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында біз полиция және төтенше жағдайлар департаменттерінің бөлімшелеріне қызметтік автомобильдер мен арнайы автокөлік кілттерін, сондай-ақ шалғайдағы ауылдық елді мекендердің оқушыларын тасымалдауға арналған мектеп автобустарын табыстаймыз. Сіздің кәсібилігіңіз, берік азаматтық ұстанымыңыз бен батылдығыңыз азаматтардың тәулік бойы қауіпсіздігін, олардың бүгінгі және ертеңгі күндерге деген сенімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев құттықтау сөзінде.

Өңір басшысының айтуынша, оқушыларды қауіпсіз тасымалдау үшін жыл сайын жаңа арнайы көлік сатып алу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, соңғы үш жылда 800 млн теңгеге 70 бірлік автокөлік сатып алынды. Тамыз айында 2,6 млрд теңгеге лизингке сатып алынған 65 жаңа автобустың бірінші партиясы алынды. “Бүгін біз тағы 15 жаңа мектеп автобусының кілтін табыстап жатырмыз. Жаңа автокөлік барлық заманауи қауіпсіздік талаптарына жауап береді. Осы техниканың арқасында біз бүгінде ауыл мектептерінің оқушыларын тек мектептерге ғана емес, сонымен қатар барлық қосымша білім беру ұйымдарына жеткізу мәселесін шешіп жатырмыз», – деді Е.Маржықпаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі