Көкшетау қаласының іргесіндегі №3  Красный Яр көпсалалы орта мектеп-гимназиясының іргетасы осыдан отыз жыл бұрын қаланған екен. 1991 жылы балабақша іргесіндегі ең алғаш бастауыш сыныбы ашылса, 1992 жылы бастауыш, 1995 жылы қазақ орталау мектебі, 1998 жылы – орта мектеп, 2016 жылы №3 Красный Яр көпсалалы орта мектеп-гимназиясы болды. Білім ошағын 1992-1994 жылдары Гүлжиян Иманғожина басқарған тұста сыныптар саны – 7, мұғалімдер –7, оқушылардың саны –142 болды. 2003-2005 жылдары әкімшілік ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. 2012-2015 жылдар аралығында ғимаратқа қосымша типтік мектеп құрылысы жүргізіліп, іске қосылды.

Мектепте ұзақ жылдар жұмыс істеген ұстаздар Мәриям Басенова, Алтын Таттығожина, Есімбек Әбішевтердің есімі үнемі құрметпен аталады. Олар қазақ мектебінің алғашқы қарлығаштарын қанаттандырып, қаракөздерді ана тілде білім нәрімен сусындату жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектенді. Әр үйді аралап, ата-аналарды балаларын қазақ мектебіне беруге үгіттеді. Сол еңбек зая кеткен жоқ. Бүгінгі күні мектепте  800-ден астам оқушы бар. 2004-2015 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жоспарына сәйкес, 12 жылдық білім беруге көшу жобасы бойынша тірек мектебі болып бірнеше жыл жұмыс атқарды. 2013 жылдан бастап жан басына қаржыландыру бойынша жұмыс жүргізіліп отыр, Көкшетаудағы жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылған. Мектеп-гимназияны 1995 жылдан бастап білімді де білікті басшы Қанат Шаймерденов басқарды. 22 жыл ішінде ізденіске, шығармашылыққа баса мән беріліп, шыңдалған мұғалімдер қатары өсіп шықты. Білім ошағына Мәдина Хасенова басшылық еткен тұста да жаңашылдыққа деген ұмтылыс жоғарылай түсті. 2020 жылдан бастап мектеп-гимназияға тәжірибелі маман, өз ісінің шебері Гүлзат Бақтыбаева жетекшілік етіп келеді.

Талапқа сай жаңартылған білім мазмұнына 1,2,5,7 сыныптар көшкелі  оқушылардың функционалды сауатты, алған білімдерін кез келген ортада бейіміне қарай қолдана алатын, жан жақты тұлға етіп тәрбиелеуге баса мән беріліп келеді.  Мектеп -гимназия жаңа заман талабына сай пән кабинеттерімен 100 пайыз жабдықталған, 2 информатика, 2 мультимедиялық, 2 физика, 2 биология, 2 химия, 2 математика, 1 география, мультимедиялық –лингафондық, әскери дайындық кабинеттері жабдықталған. Қыздар шеберханалары, жаңа үлгіде жабдықталған спорт залы және асхана жұмыс істейді.

№3 Красный Яр көпсалалы орта-мектеп гимназиясының 30 жылдық мерейтойына ардагер ұстаздар, білім ошағының бұрынғы басшылары, әр жылдардың мектеп түлектері шақырылды. Заманға сай дамып, безендірілуі мен білім беру бағытымен ерекшеленіп отырған мектептің ішіне экскурсия жасалды. 30 жылда мектептің іші пән кабинеттерімен толықтырылып, Абай кабинеті, «Рухани жаңғыру» кабинеті, тарих-археология кабинеті, Көкен Шәкеев музейі ашылған екен. Әр кабинеттің талапқа сай жабдықталуы көңілге қонымды. Мектеп оқушылары қонақтарға әр кабинетті таныстырып, мол мағлұмат берді. Заманауи STEAM  зертханасының алынуы балалардың өнертабыстық жетістігін арттырып, түрлі техниканың тілін меңгеруге жетелеп келеді. Экскурсия барысында оған анық көзіміз жетті. Балалар жылы аясында білім ошағына автобус бөлініп, бүгінгі күні мектептен алыс тұратын оқушылар күнделікті тасымалданады. Жылы да жарық, жайлы сыныптарда оқып жатқан балаларға тәжірибелі де білікті  ұстаздар сабақ береді. Соның нәтижесі отыз жыл ішінде 11 сынып түлектерінің ішінен 27 оқушының «Алтын белгі» иеленіп, 13 оқушының «Үздік аттестатқа» қол жеткізуі дәлел. Сондай-ақ, 9 сынып түлектерінен «Үздік аттестатқа» 48 оқушының қол жеткізуі де осы қажырлы еңбектің нәтижесі. Жыл сайын мектеп түлектерінің 40-65 пайызы   грантқа ие болып, мұғалімдерінің берген білімдерін нақтылап келеді. Бүгінгі күні мектеп түлектері Астана халықаралық, Л. Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехника, Медицина, Қ. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу, Алматы қаласындағы энергетика және байланыс, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеттерінде дәріс алып, жоғары мекемелерде еңбек жолдарын бастап, қызмет етуде.

Шара барысында әр шәкірттің жүрегіне жол тауып, асқақтаған арман-қиялына қанат бітірген, санасына ақыл ұялатып, жаңа өмір жолына бағыт берген, мейірім шуағын аямаған, бала жүрегінде тұлғалық қасиетін мәңгілік қалдыра алған, бүгінгі күні құрметті еңбек демаласындағы ұстаздар қауымына да қошамет білдірілді. Шәкірттері тарапынан Мәриям Басенова, Алтын Тәттіғожина, Жанар Бөкейханова, Зоя Оспанова, Есімбек Әбішев, Жібек Әділова, Зәуреш Мұқажанова, Халида Айтпаева, Клара Сахариева, Айтжамал Омарова, Кәбира Бабаеваларға  алғыс айтылып, тарту-таралғылар жасалды. Ортаға шығып сөз алған ардагер ұстаздар білім ошағының аяғынан тік тұрып кеткенше өткен жолынан естеліктер айтты. Сонымен қатар осы қара шаңырақта 25 жылдан бері үзбей еңбек етіп келе жатқан Сандуғаш Шаймерденова, Кенжегүл Айтенова, Серік Әділов, Гүлнәр Садықова, Ләззат Шәріповалардың да есімдері ерекше аталды.

Білім ошағы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сандуғаш Самұратованың және ұстаздар қауымының ұйымдастырумен өткен мерекелік концерт көпшіліктің көңілін көктем етті. Оқушылар әннен шашу шашып, биден тарту жасады. Мұғалімдердің, балалардың хорының орындауындағы ұстаздарға арналған әндер жүректі тебірентті. Жаңа жыл қарсаңында білім ошағының отыз жылдық меретойын түлектердің алғысымен, ардагерлердің ақ батасымен аяқтаған білім ошағының ұжымы келесі жылды жетістіктермен қарсы алмақ.

  Гәкку АСЫЛБЕКҚЫЗЫ