– Менің кішкентай қызым дүние есігін сал ауруына шалдығып ашты. Балаңның еш қозғалссыз, аспанға бір нүктеге тесіле қарап, аузынан суы ағып жатқанын көру азаптың азабы екен. Алайда мен қиындыққа мойымау керек деп шештім. Қызым Дина бәрін біледі және түсінеді, 9 жасында аздап жүре бастады, 13 жасында кәдімгідей жүріп кетті.

Белгілі ғалым Г.Доманның айтуынша,ол өзінің денесінің көлеміндей қапаста отыр. Қазірдің өзінде оның өмірін өзгерту жолындағы күрес жалғасып келеді. Сал ауруымен қоса, талмасы ұстап қалатындығы да бар. Осының бәрін ескере отырып, жұмысымды жалғастырдым. Дәрігер-реабилитолог мамандығын алдым, білімімді жетілдірдім. Кейін қор ашып, қазір түрлі жобалармен айналысып жатырмын. Соның бірі «Инклюзияға бір қадам 2022» деп аталады. «Самұрық-Қазына» конкурсына қатысып, дамуы тежелген балаларды сенсорлық интеграциялауға арналған ресейлік «Сова-Нянька» қондырғысын сатып алдым.

Әдістемелік құралдар мен дамытушы ойыншықтар мини-орталықтың жұмысының бөлінбес бөлшегі, ата-аналар бізге балаларын бір немесе екі сағатқа қалдырып кетеді және өз жұмыстарымен алаңсыз айналыса береді. Біздің аналарымыздың қайсарлығы мен табандылығы жайлы да осы жерде айтып кеткім келеді. Олардың балаларына деген махаббаты кез келген қиындықты еңсеруге мүмкіндік береді. Олар күн сайын дертке шалдыққан баласының дамуын реттеу үшін жанын аямайды.

@Birgemiz.ayala және @parlamentarizm.kz гранттарына қатысу арқылы дамуда тежеуі бар балалармен жұмыс істеуде фелинотерапияны енгізіп, оларға қажетті тұрғын жайдың болуына қол жеткізілді дейді «Я сам шагаю» қорының жетекшісі Гаухар Темірғалиқызы.

Өзім емдеп, қалыпқа келтіруге қамқорлығыма алған балалардың өз жетістігі бар. Мысалы, Асхаттың жасы 12-де, тіпті еңбектеу де білмейтін, қай жерге отырғызсаң, сол жерде отыра беретін. Анасын көргенде қолын ербеңдетіп, қуанышын жасыра алмай, көтер деп сұранатын. Анасы күнделікті күйбің тірлікпен жүріп, баласын қолына алып, жүргізуге де уақыты болмағанына үнемі өкінішін білдіріп жүрді. Тағдыр оларға назарын аударды ма, бір күні маған көмек сұрап келді.

Күнделікті тынымсыз жұмыс ақыр соңында өз нәтижесін берді. Асхат қазір еңбектеп, өзіне қажетті затын алып кетуге машықтанды. Тіпті бір бөлмеде тұрып, екінші бөлмеге шақырсаң, өзі еңбектеп келетін дәрежеге жетті. Жақында қабырға жағалап жүре бастады. Бұл ондай қадамды бір жасында жасауы тиіс еді. тек 12 жасында ғана соған қол жеткізді. Анасы баласының осындай жетістікке жететініне сенімсіздікпен қарап, салы суға кеткен кездері де көп болғанын жасырмады. Алайда Гаухар Темірғалиқызының арқасында біздің өзімізге деген сеніміміз артты деп ағынан жарылды ана.

Жеті жастағы Әлішер өзіне берілген бұйрықты орындауды білмейтін, көзін басқа жаққа қадап, тапжылмай отыра беретін, денесі шымыр болса да, беті ауған жаққа жүре беретін. Анасын оның көзін тарта беретіні қатты алаңдататын. Сабаққа қатысып, жаттығулар жасаудың арқасында Әлішер бұйрықты орындап, өзінің талаптарын қоюды үйрене бастады. Тіпті қонаққа барған кезде киімін жинап, анасына кететін уақыттың болғанын да сездіреді екен. Көзін тартуын да тыйыпты. Яғни, тынымсыз жұмыс өз нәтижесін берді.

Мұндай жетістіктер дімкәс балалардың аналарын ғана емес, дәрігер-реабилитолог Гаухар Темірғалиқызын да қатты қуантады. Бүгінгі таңда қолда бар құрал-жабдықтар арқылы сал ауруына шалдыққан балаларға қол ұшын созу жолында тынбай еңбектеніп келеді. Қасында көмекшілері де бар. Дегенмен әлі де науқас балалардың жүріп, тұрып кетуіне ықпал етемін, көмек беремін деген елгезек жандар табылып жатса, «Я сам шагаю» қорының жетекшісі Гаухар Темірғалиқызына 87472685474  телефонына хабарласа алады. Алланың сынағына сынбағандар өмірден баз кешіп жүргендерге үлгі болса игі.

                                                              Талант ТАҢАТАР