Болашақ сарайында шуақты көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген Алғыс айту күніне орай «Алғыс айту – парызым» атты облыстық форум өтті. Атаулы шараға облыс әкімі Ермек Маржықпаев, сала ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен белсенді жастар қатысты.

Жиналғандарды шырайлы мерекемен құттықтаған өңір басшысы шараның мәнісі мен маңызын алға тарта отырып, келешек ұрпақтың өткен тарихты біліп, құрмет көрсету үшін бұл шараның берері мол екендігін жеткізді.

«Қандай заман, қандай қоғам болса да алғыс айту алға бастайды. Елдің алғысына бөленуден артық бақыт жоқ. Қазақ жұрты қонақжай халық. Бірлік пен берекенің ордасы. Тағдыр тәлкегіне түскен талайға пана болды. Қолдарындағы барларымен бөлісті. Алғыс – сөздің асылы ғой. Араздыққа жол бермеу керек. Ол үшін бір-бірімізді түсініп, сыйласып өтуіміз қажет, – деп пікір білдірді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл.

Сөз сөйлегендер қатарында «Доброе сердце – Lider.kz» ҚҚ төрайымы Ирина Катухова өз ойын былайша өрнектеді: «Осы мереке күні барлық еріктілерге, меценаттарға, өтінішімізді аяқсыз қалдырмай, идеяларымыз бен бастамаларымызға қолдау білдірген қала әкімдігіне алғыс айтқым келеді. Бізбен бірге әрдайым бейбіт өмірге, жақсылық пен өркендеуге ұмтылған барлық адамдарға тілекшіміз!

Өзара алғыс айту – адамдар арасындағы сенімді, сыйластықты арттыратын құрал. Адамның жан дүниесін тазартатын, жүрегін жұмсартатын, мейірімін оятатын сауапты іс.

–Сәт сайын отандастарымыздың өмірін сақтап қалатын донорларымызға алғыс айтқым келеді. Жыл сайын донор болуға ниет білдірген азаматтар қатары артып келеді. Биылғы жылдың екі айында 1107 донор қаны пайдаланылды. 490 747 литр қан дайындалды. Күнделікті істерін кейінге қалдырып, көмекке асығатын барша адамдарға ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Мұндай сыйға баға жетпейді. Ата-ананың аман-есен отбасына оралуы сияқты баланың құтқарылған өмірі ата-анасы үшін қаншалықты құнды екенін білеміз бе? Донор болу – өмір сыйлау! Елімізде донорлық қозғалысты дамыту және танымал ету өте маңызды! Сондықтан, қарсы көрсетілімдері жоқ барлық адамдарды қан тапсыруға шақырамыз! – деді облыстық қан орталығының директоры Ермек Мұхамедиев.

Еңбек ардагері Жастілек Рамазанов өңір халқына достық пейілі мен ыстық ықыласын жаудырып, алғысын жеткізді: «Бұл күн өте өзгеше болуы керек. Адамдар бір-біріне мейірімділік танытып, қадам жасаған сайын істеген ісіне, қасындағы жарына, жолдасына, баласына алғыс айтудан бастауы керек. Қазақ кең болсаң, кем болмайсың деген әрқашан. Сол мінездің арқасында өзінің ғана емес, өзгенің де көңілін тауып келеді. Кішпейілділік, кешірімді болу, алғыс айта білу секілді қазақи қасиеттер де бойымызға дарыған. Сондықтан, көктемнің алғашқы күні алғыс айту мерекесінде ең алдымен айналамыздағы адамдармен жақын болуымыз керек».

Шарада Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігі мен рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған әлеуметтік, мәдени және ақпараттық жобаларды іске асыруға белсенді қатысқаны үшін Целиноград ауданының «Достық орталығының» директоры Магамет Сукалов «Алғыс» төсбелгісімен марапатталды. Ізгілік, рухани келісім, достықты нығайту және этносаралық келісімді дамыту бағытында адал қызмет еткені үшін «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Қойшин, Аршалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Владимир Биджиев Қазақстан халқы Ассамблеясының алғыс хатына ие болды. Сондай-ақ мерекеде әр салада аянбай еңбек етіп келе жатқан бірқатар азаматтар облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА