Бибігүл БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану  музейінің аға ғылыми қызметкері.

Қазақстан тарихнамасында бұл өзекті мәселелердің бірі  және іс жүзінде әлі де толық зерттелмеген. Тарихи жол ұғымының мәні –  тарихи маңызы бар жолдардың бағыттарын білдіреді. Мақалада XVIII ғасыр тарихында билік құрған  «Абылай хан дәуірі» аталған атақты ханның есімімен байланысты «Хан жолы», «Абылайдың қара жолы» сауда-керуен жолы туралы сирек кездесетін мәліметтер беріледі. Көне заманнан Қазақ даласының үлкен көліктік әлеуетінің болғандығының дәлелі еліміздің ежелгі өңірлері: Көкшетау – Ұлытау – Түркістан аумақтары арқылы солтүстікті оңтүстікпен байланыстыратын тарихи жолдар. Қазақстандағы аталған  ең ірі жолдардың бірі болған бұл бағыт дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды орнатуда, халықаралық маңызы бар жолға айналуда маңызды рөл атқарды.

Көкшетау тарихи-географиялық аймақ – Қазақтың қыраты Сарыарқаның солтүстік бөлігінде орналасқан. XVIII  ғасырда Көкшетауда Қазақстан мен Орталық Азия тарихындағы ең беделді мемлекеттік және саяси қайраткерлердің бірі Абылай ханның ордасы орын тепті. Дәл осы Көкшетауда, ұлы қолбасшы шығыстан шабуылдаған басқыншыларға тойтарыс беретін қазақтың басын қосып, ешкімге бодан қылмай, азат етті, тәуелсіздікке қол жеткізді. [1, 91 б.]   Негізінде, ханның шын есімі – Абылай-Мұхаммед Баһадүр сұлтан (1711-1781). Қазақ мемлекетінің ішкі саяси өмірін тұрақтандыру халықаралық қатынастардың одан әрі дамуына ықпал етеді. Сонымен, жоңғарлармен және Қытай Цин империясымен ұзаққа созылған соғыс аяқталғаннан кейін, Абылай хан көршілес Ресей мен Қытай елдерімен дипломатиялық және сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатады. Сондай-ақ, дипломатиялық байланыстарды кеңейту мақсатында хан Абылай Ауғанстан билеушісі Ахмад шах Дурранимен келіссөз жүргізіп, Түркияға да елшілік дайындаған.

«Хан Абылай көрші елдермен сауда-саттық қарым-қатынасын орната отырып, ең алдымен бейбіт бітімгершілік қызметін атқарды. Дәл оның басшылығымен халықаралық сахнада өзара тиімді қарым-қатынастар орнаған.  Қазақ Даласының шекарасындағы елді мекендер  өзара келіссөз бен  ынтымақтастық орталығына айналған. Абылай құрлық ішілік транзиттік сауданы дамыту саясатының бастамашысы және белсенді демеушісі болды. Ханның Қазақстанның басқа мемлекеттермен қарым-қатынасын дамытудағы қызметі ең алдымен қазақ қоғамының шынайылығы мен қажеттіліктерінен туындады. [2, 1 б.] Екі жақты қарым-қатынастарды орнатудағы Қазақ хандығының және Қазақстан аумағындағы басқа да мемлекеттердің тұсында, екі жақты мемлекеттік қатынастарды орнатуда маңызды рөлдердің бірін – көне тарихи жолдар атқарды.

«Абылайдың қара жолы» сауда-керуен жолы бойында деректер аз. Олардың кейбірінде топонимдер мен гидронимдер белгіленіп, жолдар, жер атаулары туралы сирек мәліметтер кездеседі. Жергілікті дерек көздерінде – Көкшетау өңірінде сақталған тарихи деректерде, Абылай есімімен байланысты бұл керуен жолы сол жерден басталып, бас резиденциясы «Хан ордасы» тарихи Көкшетауда болған. Орталық Азия, Қытай, тіпті ресейлік дереккөздердің ақпараттық әлеуетті соңғыларының кейбір қолжетімді мәліметтеріне қарамастан әлі анықталмаған. Мәселені зерттеуде картографиялық мәліметтер маңызды рөл атқарар еді. Бірақ Ресей отарлау саясатының жүріп жатқандығынан ұлттық топонимдердің кейбір түпнұсқалары сақталмады, оның үстіне орыс картографтары карталарды құрастыру кезінде жиі қателіктер мен  нақты емес дәлсіздіктерге жол берген. Бұл туралы ХІХ ғасырдың  1878 жылында Көкшетау аймағында болған зерттеуші, саяхатшы И.Словцов жазған еді.

Сонымен, шын мәнінде «жол» ұғымы қозғалысқа арналған жер белдеуін, баруға немесе айдауға болатын жерді, жүретін жолды білдіреді. Баршаңызға белгілі, әлемдегі алғашқы жолдар адамзаттың мәдени дамуымен бірге пайда болған. Ежелгі және ортағасырлық дәуірде атақты «Ұлы Жібек жолы» – Шығыс пен Батыстың әлемдік мәдениеттерін байланыстыратын трансконтинентальды магистраль болды. Сондықтан да Қазақ Даласы ежелден Еуразия аумағында «Ұлттардың Тарихи қақпасы» деп аталған. Сондай-ақ ортағасырлық деректерде жолдарға қатысты Ұлы Дала аумағы Шыңғыс хан мен Ұлыс Жошының дүниежүзілік империясы туралы сөз болғанда, олардың дамыған және кең пошталық хабарламалар желісімен, ақпаратты тасымалдау жылдамдығы жағынан сол уақытта әлемде теңдессіз болғандығы   айтылады. Айта кетерлік жайт,   орыстар «Ұлық Ұлысы» түркі-моңғол империясы – Алтын Ордаға тәуелді болған кезде, шыңғыстықтардан    хабар жеткізуші  шабармандықты   қабылдаған.   Сонау ерте заманан-ақ көшпелілердің жерінде сан алуан жерлермен  ұзыннан – шұбақ, кесе көлденең түрлі керуен жолдары, сауда, әскери және зерттеу жолдары  болған. Негізінен шексіз және жазық Қазақ Даласы сол кездің өзінде-ақ үлкен көлік әлеуетіне ие болған. Қазақстан ежелден түрлі  Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің,  халықтары мен олардың мәдениеттерінің  тоғысқан жері болды». [3, 7 б.]

XVIII  ғасырда, Абылай хан дәуірінде Қазақ хандығының солтүстікті оңтүстікпен байланыстыратын тарихи жол керуен жолына айналып,  халық аузында оның негізін қалаушының аты  танымал: «Абылай ханның қара жолы», «Хан жолы»,  «Абылайдың қара жолы»  деп аталды. Ұғымның семантикасына келер болсақ, бұл жағдайда қара түс белгісі тура емес, астарлы мағынаны білдіреді, өйткені қазақтарда қара түс, зерттеушілердің пікірінше, «полисемантикалық,  нышандық  мағыналардың орасан зор санына ие – қасиетті, киелілік ұғымы». Демек, жоғарыдағы ұғымның мағынасы  қасиетті жолды бейнелейді. Сонымен, хан Абылай негізін салған сауда және керуен жолы әрі қарай ХІХ ғасырда қызмет етті.

«Абылайдың қара жолы» тарихи жолы Батыстағы «Ноғай жолы», «Орынбор – Бұхара» керуен жолы және т.б. қатар Қазақстандағы ең ірі әрі маңызды жолдардың бірі болған. Ең ірі сауда және керуен жолдарының жалпы саны «Абылай хан жолын» қосқанда 12 болды. Бұл туралы ғалым әрі саяхатшы А.Левшиннің (1797-1879) «Қырғыз-казак, немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы» атты еңбегінде айтылған. Алайда, Абылай ханның сауда-керуен жолы бойындағы аймақтарды тізіп өткен А.Левшин Көкшетау тауларын қателесіп, ғылыми-көпшілік басылымда  «Кочка»  деп  атаған. Осыны алдын ала болжаған ғалым өзінің алғы сөзінде яғни, зерттеген нысаны, қазақ халқының тарихы  ондағы барлық еңбегі бекер болмай, «оқырмандар тақырыптың жаңалықтарын құрметтейтіндіктен  кейбір қателіктерді  кешіреді деп үміттенемін», — жазған екен. [4, 13 б.]

Ал 1813-1814 жылдары керуен жолымен саяхаттаған Сібір корпусының аудармашысы Ф.Назаровтың   «Орта Азияның кейбір халықтары мен жерлері туралы жазбалар» еңбегінде «Абылайдың қара жолы» бойындағы атақты таулар – «Көкшетау», «Көкше» деп дұрыс аталды. Бұл еңбек 1821 жылы Петербургте, 50 жылдан кейін «Түркістан жинағы» деп аталатын 1871 жылғы басылымда жарияланған.Ф.Назаровтың жолы Омбыдан Қызылжарға, Көкшетау, одан әрі Ұлытау, Бетпақ дала, одан әрі оңтүстік бағытта Ташкент, Созаққа дейін созылып, ежелгі Қоқан қаласына соңғы нүкте болғаны белгілі.Қайтар жолда Орталық Азия еліне жіберілген Ресей елшілігі солтүстік бағытта: Түркістан – Ұлытау – Көкшетау аймағы, одан әрі Қазақстан-Ресей шекарасына қарай жылжы бастаған. Бүгінгі таңда Ф.Назаровтың еңбегі «Абылай ханның қара жолы» тарихи жолындағы негізгі деректердің бірі екенін айту керек.

Қазақтың археология мектебінің негізін қалаушы Ә.Марғұланның айтуынша, бұл керуен жолы «Хан жолы» мәртебесін қазақтың ханы Абылай өзінің серіктестерімен бірге жүріп өткеннен кейін алған». Зерттеуші С.Ахынжанов XVIII ғасырдың ортасында Бетпақ дала шөлінің шығыс жағынан бірнеше керуен жолдары өткенін, оның ішінде «Абылайдың хан жолы» да бар екенін атап өтті. [5, 3 б.]    Басқа деректерде бұл керуен жолы халық арасында «Абылайдын даңғыл жолы» пошталық тракты және сауда жолы деп аталған.  Бұл туралы өзінің «Абылай хан. Замандастары мен мұрагерлері» атты монографиясында тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ.Әбуев жазған екен. Көкшетау маңында  ХVШ ғасырда хан Абылай жылқыға таға жасау үшін металл өңдейтін, цехтары бар зауыт шеберханаларын салғаны белгілі. Мұнда олар егіншілікпен, әр түрлі  кәсіптермен айналысқан, соның ішінде балыққа бай Көкшетау көлдерінде   балық аулау да болған. [6, 160 б.]

Бір қызығы, бұл көлдердің ең үлкені: «Көкшетаудың Шалқары» деп аталды. ХІХ ғасырдағы картада «Көкшетаудың теңізі» деген атпен кездеседі.  Қазір көл «Үлкен Шабақты» деп аталады. Қарастырылып отырған кезеңде Майбалық және «Кіші Шабақты» көлдерін қамтитын «Көкшетаудың Шалқары» көлі Көкшетау тауларын жан-жақтан шайып жіберген. Қазір бұғаздың бір бөлігі кеуіп қалды, бірақ соған қарамастан болашақта көлдің «Көкшетаудың Шалқары» тарихи атауын қалпына келтіру қажет. Ұлттық топонимдер, оронимдер, гидронимдер мәселесі Қазақстанда әлі де өзекті.

Ұлттық топонимия деректері сауда коммуникациясының түйінді тұстарын айғақтай алады. Ә.Марғұлан Уанас және Жетіқоңыр жолдарын сипаттай отырып, негізгі нүктелердің бірі ретінде Шу өзеніндегі Тасөткел өткелін атайды. Бұл мағынасы сөзбе-сөз «өзеннен немесе өткелден өту» дегенді білдіреді. Уанас керуен жолының бір тармағы қазіргі елордамыз Астанадан бес шақырым биіктіктегі Есілдегі Қараөткел өткелінен өткен. Осы өткелден оңтүстік-батысқа қарай бес шақырым жерде шағын көлдің жағасында ортағасырлық Бозоқ қалашығы болған. Сарысу керуен жолы Сарысу өзеніндегі Тасөткел өткелінен өткен. [7, 5 б.]

Зерттеушілердің пікірінше, бұрыннан бар ұтымды салынған көне жолдардың ізімен, бөлек тарамдары бүгінгі күнге дейін пайдаланылады. 2007 жылы Біржан сал ауданында тарихи-этнографиялық экспедиция кезінде Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлеріне барған «Сәуле» ауылының тұрғындары  да осы маңнан өтетін көне жол туралы айтқан болатын. Бұл жол халық арасында «Абылайдың қара жолы» деп атаған. Жоғарыда аталған елді мекенінің шығысында Абылай заманынан белгілі «Сарбаздар  қорымы»  орналасқан.  «Хан жолы» керуен жолы оңтүстік-шығыс бағытында өткен болатын.

Ежелгі жол бойындағы дереккөз ретінде қазақтың ауызша тарихнамасын, осыған байланысты халық  ауыз әдебиеті мен  әдебиетін алуға болады. Бұл мәліметтердің кейбірі «Абылайдың қара жолы» туралы тікелей, ал басқалары жанама, астарлы  байланысты  болуы мүмкін:

«Сендер де аман болындар, таудың тасы!

Сарқыраған бұлақтар, судың басы!

Қара жолдың аман бол екі жағы,

Қоштасады бәріңе көздің жасы!»

(Мәшһүр Жүсіп шығармасынан)

«Қара жолдың үстінен,

Қалың жылқы жарылып

Екі жаққа қалады…»

(«Қобыланды батыр» жырынан)

«Анау үй мен мынау үй қатынаған,

Қара жолдың қақ төсі қақыраған.

Қара суға қақ тұрған майысқақ мұз,

Шертіп қалсаң быт-шыт боп шатынаған».

(М. Мақатаев шығармасынан). [8, 204 б.]

Жоғарыда атап өткеніміздей, қазақтар арасында «қара», яғни қара түсті көп мағыналы,  атаулар саны өте көп, оның ішінде қасиеттілік ұғымы да бар. Философиялық тұрғыдан алғанда, ұшы-қиыр шексіз жолдың астында  адамның    өмір жолы   кейпінің түрін  білдіретіндей…