Көкшетау қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығында Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы медиация кабинетінің Ашық есік күні өтті.

Азаматтардың өтініштерінің негізгі мазмұны-жер мәселелерін шешу, мүлікті бөлу, мұрагерлік дауларды шешу, меншік құқығы және т. б.

Бұл күні азаматтар Қазақстан Республикасының заңнамасын түсіндіру, азаматтық, еңбек, отбасылық қатынастар саласындағы жанжалдарға, дауларға байланысты мәселелерді шешу бойынша кәсіби медиаторлардан, психологтардан, заңгерлерден кеңес алды. Айгүл Баспақова Көкшетау қаласының тұрғыны.

Облыс орталығында үй салып жатқан бір құрылыс компаниясында келісім-шартсыз жұмыс істепті. Алайда жұмысын бітіргеннен кейін аталған ұйым басшысы тиісті қаржысын төлемепті. Заңгердің көмегіне жүгінген әйел оны шешудің қандай жолдары барын сұрастырды. Жұмысқа тұрар алдында келісім-шарт жасасып, заңдастырудың маңызы зор, себебі күні ертеңдері осындай қаржылық мәселелер туындаған жағдайда шешу қиын болады. Тиісті құжаттарды алға тартпағаннан кейін заңгерлерге де сіздің құқығыңызды қорғау қиынға соғады.

Осының бәрін назарға алып, өтініш иесіне кеңес берілді. Ол өзімен бірге жұмыс істеген куәгерлердің қолхатын алып, заңдастырылады және сол жерде жөндеу жүргізгеніне байланысты фото фактілер де алға тартылады. Содан кейін бұл мәселенің түйіні тарқатыла бастайды.

Батырбек Жолдасов болса, отбасылық кикілжіңнің салдарынан балаларын көре алмай жүргенін алға тартты. Келіншегі үйінің кілтін ауыстырып тастаған. Балаларына әкесімен кездесуге және телефонмен сөйлесуге тыйым салған. Осы мәселенің шешімін қалай табуға болады деген оның өтінішіне қатысты психологтар оған кеңес берді.

Ең бастысы, балалардың мінез-құлқына теріс әсер ететін жәйттерден бойын аулақ ұстау және күш көрсету арқылы олармен кездесуге әрекет етпеу керек. Әйелімен ымыраға келіп, отбасын сақтап қалуға тырысқан абзал. Ашық есік күніне келген тұрғындар өздеріне қажетті мәліметтер алды.

 Гәкку БӘЙШЕВА