Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев еліміздің дамуына баға жетпес үлес қосқан нәзік жан иелерін келе жатқан көктем мерекесімен құттықтады. «Көкшетау» мәдениет сарайында өткен шараға көп балалы аналар мен чемпиондардың аналары, белгілі дәрігерлер, мұғалімдер, полицейлер, спортшылар, қоғам өкілдері, кәсіпкерлер сияқты түрлі салада еңбек етіп жүрген нәзік жандар қатысты.

Аймақ басшысы атап өткендей, 8 наурызды мерекелеу пандемия кезеңінде облыста дәстүрлі форматта өткізілетін алғашқы іс-шара болды. «Сіздерді көктемнің және әйел сұлулығының, бейбітшілік пен жасампаздықтың нышаны – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!» – деді Е.Маржықпаев. Бұл күні үш көпбалалы ана «Алтын алқа» және жеті ана «Күміс алқа» медальдарына ие болды. Өңірде барлығы 10 мыңнан астам көпбалалы ана бар, олардың ішінде алты мыңнан астамы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері. Еліміздің және өңірдің дамуына баға жетпес үлес қосып жүрген ақмолалық әйелдердің еңбегін айта келе, аймақ басшысы соғыс ардагерлеріне де тоқталды. Олар – Біржан сал ауданының Макинке ауылында тұратын Нина Скорюкина және биыл 100 жылдық мерейтойын атап өтетін степногорлық Клавдия Дорош. Сонымен бірге, бұл күні балалары түрлі салаларда ерекше жетістіктерге жетіп, Ақмола облысының даңқын шығарған аналарға да алғыс айтылды. Олардың қатарында Ирэна Петровна – Токио Паралимпиада ойындарының чемпионы Давид Дегтяревтің анасы, Гүлнар Елешқызы – жазушы, режиссер-сценарист, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Айдие Айдарбекованың анасы, Ирина Владимировна – 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Карина Ибрагимованың анасы, Вера Михайловна – шаңғы жарысы бойынша бірнеше дүркін чемпион және чемпионаттардың жүлдегері Олжас Климиннің анасы бар. Салтанатты шарада қыз-келіншектер мен аналарға гүл шоқтары үлестіріліп, мерекелік концерт қойылды.

«Көкше-ақпарат»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *