Облыс әкімі Марат Ахметжанов пен Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукар Ақмола облысы мен Иранның екіжақты ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылады.

Тараптар сауда-экономикалық саладағы ағымдағы жағдайды қарастырып, ауыл шаруашылығындағы, білім берудегі өзара іс-қимылды нығайту перспективаларын талқылады және басқа да бірқатар мәселелерді қозғады.

Облыс әкімі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Біз барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты жолға қоюға мүдделіміз және көмек көрсетуге дайынбыз. Біздің облыстағы инвестициялық саясат инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Өңірде жыл сайын бір жарым триллион теңгеден астам сомаға тауарлық өнім өндірілетін 1300-ге жуық өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Өнеркәсіптің негізгі салалары — металлургия, машина жасау, азық-түлік өндірісі, құрылыс индустриясы. Өңір дәнді және майлы дақылдарды, мойынтіректерді, ұнды, ет және сүт өнімдерін, тауық жұмыртқасын, өсімдік майын, сусындарды, полиэтилен мен полипропиленнен жасалған қапшықтарды және т.б. экспорттайды»,- деді М. Ахметжанов.

Өз кезегінде Али Акбар ортақ мүдделер негізінде Қазақстан-Иран қатынастарын одан әрі дамыту үшін зор әлеует бар екенін атап өтті.

«Біз инвестициялар бойынша көрсеткіштерді нығайтып, екіжақты сауда айналымын ұлғайтқымыз келеді. Иран компаниялары Қазақстанда түрлі салаларда өз қызметін кеңейтуге мүдделі. Бұл тау-кен металлургия кешеніне, ауыл шаруашылығына, денсаулық сақтау саласына, сондай-ақ көлік саласына қатысты», — деді Али Акбар.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың барлық өзара тиімді бағыттары бойынша белсенді байланыстарды қолдауға дайын екендіктерін растады.

Айта кетейік, бүгінде өңір 90 елмен сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруда.