Ақмола облысында биыл 18 миллион түп ағаш егіледі. Осылайша, 4 мың гектардан астам алқап жасыл желекке айналады. Көшет отырғызу жұмыстары сәуірде басталады. Қазір орманшылар тұқымдарын қамдап, техникаларын майлап, дайындалып жатыр.

Зеренді ауданындағы орман шаруашылығы биыл 220 гектар жерді көгалдандыруды көздейді. Көбіне қарағай көшеттерін отырғызады. Жалпы шаруашылықтың өзінің шырша бүршігін кептіру цехы мен тұқымбағы бар. Жылына шамамен 1 млн қарағай көшетін шығарады., Орман шаруашылығы директорының орынбасары Батырбек Байәділов: – Алдымен питомниктен қазу жұмысын бастаймыз. Қазып алғасын, оны уақытша қоймаларға қоямыз. Әрі қарай екі орман шаруашылығы бар. Сол жерден жігіттер алып отырады. Біз көбіне қарағайды егеміз. Қайың мен терек те бар, –дейді.

Орманшылар көшетті тұқымынан өсіреді. Оның өзі оңай шаруа емес. Себебі 100 тонна қарағай бүршігінен небәрі 1 тонна ғана дән алынады. Ал соңғы жылдары құрғақшылықтан тұқым тапшылығы туындаған. Орман шаруашылығының инженері Людмила Сонарованың айтуынша, былтыр екі тонна ғана шырша бүршігін жинаған. Жылдың басында оны толығымен өңдепті. Нәтижесінде қарағайдың 30 келі тұқымын алыпты. Қазіргі уақытта тұқым жан-жақты тексеріліп жатыр.  Құзырлы орган өкілдері де көшеттердің өсу барысын қадағалайды. Себебі күтім болмаса, өскіндер қурап қалуы мүмкін.

Жалпы облыс аумағында егілген көшеттің 80% өсіп жетіледі. Бұл – жақсы көрсеткіш, – дейді мамандыр. Сондықтан тұқым тапшылығы шешіліп, биылғы меже орындалады деп сендірді. Аумақтық орман шаруашылығы инспекциясының бас маманы  Қадыр Шәймерденов: «Бұл жоспар орындалады деп ойлаймыз. Өйткені бізде облыс бойынша 15 тұқымбақ бар. Оның жетеуі – түпкілікті тұқымбақтар. Осы жылы науқан негізгі үлкен аумақққа жоспарланған, ол осы табиғи ресурстардың еншілігінде. Сондықтан бұл мекемелер осы жұмыстың уақытында атқарады деп есептейміз»,–дейді.

Көшеттердің жайқалып өсуі сапалы тұқымға байланысты. Осы ретте арқаның суығына шыдайтын ағаш тұқымдарын сұрыптау маңызды. Қазір өңірде екі тұқымбақ салынып жатыр. Қос нысанда жылына миллиондаған көшет дайындалады. Жалпы 2025 жылға дейін Ақмола облысында 225 млн түп ағаш егіледі деп жоспарланған.

 

                                                       «Көкше-ақпарат».