Биыл Ақмола облысында 17 508 бала материалдық қолдауға мұқтаж, оның 2180-і бірінші сыныпқа барады. Бұл туралы Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов өткен брифинг барысында айтты.

Биыл әлеуметтік бағыттағы дәстүрлі «Мектепке жол» жалпы республикалық акциясы 2023 жылғы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жаса» ұранымен өтеді. Акцияны ұйымдастыру мен өткізудегі бас әріптес «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы болып табылады.

«Акцияның мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балалар мен оқу жылының басына дайындық кезеңінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу. Акция барысында мектепке бармайтын балаларды рейдтік іс-шаралар арқылы анықтауға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарынан шыққан балаларға мектепке жинау бойынша көмек көрсетуге ерекше назар аударылады», – деп атап өтті Валерий Гамазов.

Спикердің айтуынша, жыл сайын акцияға қатысуға ниет білдірушілер саны артып келеді. Өткен жылы облыста акция қорытындысы бойынша аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан 12 123 бала жалпы сомасы 416 млн теңгеге материалдық көмек алды.

«Акцияны өткізуге аудан және облыс әкімдіктері, мемлекеттік құрылымдар белсенді қатысып, көмек көрсетуде. Республикалық акцияға облыстың бизнес-құрылымдары да қатысады. «Ақниет» жеке қайырымдылық қоры жыл сайын балаларға кеңсе тауарлары бар 1000 мектеп рюкзактарын ұсынады. Биыл Ақмола облысының ұйымдары жалпы сомасы 11,2 млн теңгеге 1118 рюкзак алды. Облыс бойынша 17 508 бала материалдық қолдауға мұқтаж, оның 2180-і бірінші сыныпқа барады», – деп қорытындылады В.Гамазов.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ