Ақмола облысының прокуратурасы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша заңдылықтың сақталуын тексеру барысында көлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсеткіштері бар адамдарда жүргізуші куәліктерінің болу фактілерін анықтады, деп хабарлайды Kazinform ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мысалы, азамат А.-ның көлік құралдарын жүргізу құқығына ие жүргізуші куәлігі бар.Бұл ретте, ол көлік құралдарын басқаруға тыйым салынатын ауруына байланысты диспансерлік есепте тұрады.

Мұндай фактілер біркелкі емес, прокурорлар осындай тағы да 120 фактіні анықтады.Прокурорлық қадағалау актілері бойынша аталған тұлғаларды көлік құралын басқару құқығын тоқтату жөнінде шаралар қабылданды.Басқа бұзушылықтар үшін прокурорлар полиция органдарымен бірлесіп, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 97 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Статистика көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жылдамдықты шектен асырып, қауіпсіздік белдіктерін қолданбау, көлікті мас күйінде жүргізу салдарынан орын алады.Ақмола облысының прокуратурасы жол қозғалысының барлық қатысушыларын жолдарда сақ болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

«Қоғам және заң»