Облыс әкімі Ермек Маржықпаев тыл еңбеккері, «Алтын алқа» иегері Сәлима Әлиеваның шаңырағында болып, Наурыз мейрамымен құттықтады. Тыл еңбеккері Сәлима Әлиева қазір 105 жаста. Қарияның айтуынша, соғыс жылдарында тылда тынымсыз еңбек етіп, сол өмірдің ауыртпалығы мен қиындықтарын көрген. Жұбайы 1941 жылы соғысқа аттанып, Сталин-
град, Будапешт қалаларында жауға қарсы ұрысқа қатысты. Кейін соғыс аяқталған соң 1944 жылы елге оралды. Екеуі балаларын өсіріп, тәрбиеледі. 1994 жылы жары дүниеден өтті.

Бүгінгі күні Сәлима Баязитқызы немерелері мен шөберелерінің қызығын көріп отыр. Кейу-ана жасы ғасырдан асса да, әлі тың, тылда сіңірген еңбегі үшін алған наградалар мен «Алтын алқа» медалін мақтанышпен омырауына тағып алады. Бүгінде ақжаулықты әже Көкшетауда жиен немересі Ғадылжан мен келіні Назгүлдің қолында тұрады. Жалпы, қария осы күні 23 немереден 25 шөбере сүйіп отыр. Кездесу барысында аймақ басшысы тәуелсіздік жылдарындағы барлық жетістіктерге соғыс және тыл ардагерлерінің лайықты ерлігі мен еңбегінің арқасында қол жеткізілгенін атап өтті. «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде көп жылдық адал еңбегіңіз үшін, тәжірибеңіз бен мейірімділігіңіз үшін Сізге мың алғыс айтамын! Наурыз мерекесі жетістік, молшылық пен татулық әкелсін. Әркез ортамызда аман отырғайсыз. Шаңырағыңызда ырыздық пен береке нұры шалқысын», – деді Ермек Маржықпаев. Өз кезегінде, тыл еңбеккері аймақ басшылығына көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдіріп, отанымызға бейбіт аспан мен бақытты өмір тіледі. Сондай-ақ, осы күні облыс әкімі қарттар мен мүгедектерге арналған «Үміт Шаңырақ» пансионатына барып, Наурыз мейрамымен құттықтады.

«Көкше-ақпарат»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *