Тортай Сәдуақас – біраз жылдан бері ел тарихымен де тиянақты түрде айналысып, өзінің өлең-жырларымен, өнері-білімімен де өрге жүзіп жүрген ақын, қаламгер, мұрағаттанушы. Ол осы тақырыпта сұранысқа ие болған бірнеше жинақтар да шығарып үлгерді. Бағзы заманға бармай-ақ, бертінгі кезеңдегі дүниелерімізді түгендеудің өзі үлкен жұмыс қой. Көп нәрсе көмескі тартып, ұмытылған. Қайссыбір қазыналарымыз құймақұлақ қарттарымызбен бірге келмеске кеткен. Кейінгілердің біреуі асырып айтады, біреуі қосып айтады, немесе толық жеткізе алмайды. Соның шындығы қайссы? Міне, осы мәселелерге келгенде нақты оқиғалар мен тиісті тұлғаларға қатысты Тортайдың толғамдары талайдың көзін ашып, қоғам тарапынан өте қажетті дерек көздеріне айналды. Әсіресе, Арқа төсіне Астана келіп, алты қиырдан алаш баласы жиналған тұста, оның осындай салиқалы еңбегі, салмақты пікірлері зиялы ортада, қоғамдық көзқараста елеулі орын алды. Тіпті, кейбір тұлғалар мен тарихи оқиғаларға қатысты екіұдай пікір туындағандай жағдай болса, Тортайдың кітабынан қарау керек, Тортайдан сұрайық дейтін жәйттер жүрген ортамызда болып жатты. Әсіресе, оның «Назарбай би…», «Ел мен жер», «Астана аймағы» атты кітаптары қолдан қолға жүгіріп тұрды. Тіпті Жолдасбеков ағамыз, Ақселеу бауырымыз секілді зерделілеріміз оның жазбалаларына мән бере қарайтын. Ақаң бір жолыққанда, Өмірбек Байгелді ағаларымыз өтініш айтқан соң, Балуан Шолақ туралы бір жүйелі танымдық өмірдерек жасау керек болып, Жайық Бектұров, Естай Мырзахметовтың кітаптарын, басқа да бірнеше дүниелерді шолып қарап едім. Соның ішінде тарихи тұрғыдағы орнықты, құнды нәрселер Тортайдың іздеп тапқан материалдары екен деп ризашылығын білдіріп тұрды. Оны Қарағандыдан, студент кезінен білуші едім, Жайық аға, Букетов те айтып отыратын. Өсіп келе жатқан жас, жақсы ақын еді. Мұндай шығармашылық қырын енді кеңірек біліп жатырмыз, архивті көп ақтарып, елдің игілігіне айналдырғаны өте дұрыс болды. Ол өткенде менің де бір би болған атамды тапқан екен, соның түпнұсқасын сұрап алмасам деген қуанышын да жасырмады. Сол айтқандай, ақын Тортай, елді сүйген рухымен маған да жақын Тортай, өзі толғанып жазғандай, бұл еңбектер қаламгер зерттеушінің маңдай терімен, жүрек қанымен, елді сүйген махаббатымен келген қымбат қазына еді:

Туған жер, ата мекен, ұлықты ордам,

Iздедiм тарихыңды ұмыт болған:

Мұрасын аталардың талмай іздеп –

Жүректе жанып сәуле, үмiт толған!..

Тамыры тiрiлткендей мың бұтақты,

Жөн бiлген ұрпақ бұдан үлгi тапты:

Аталар аманаты, – ардақты елiм,

Алдыңа алып келдiм бұл кiтапты!..

Иә, ол Алматы өңірінің, батыс өлкеміздің тарихи тұрғыдағы толыққанды мәліметтерімен бірге, Сарыарқа жұртының саф алтындай сақталған шежірелі тарихын да көпшілікке ұсына білді. Соның арқасында өзіміз де «бізде, тайға таңба басқандай мынадай бар, былай болған» деген көкірек керген лебізімізді дос-жаранға мақтанышпен жеткізіп жүрдік. Әлгі ел айтып жүргендей, біз оны мақтай бермей, Тортаймен мақтандық деуге де болады. Жұрттың көбі жекелеген батырларды желеулетіп жатқанда, ол сондай көп дақпырттың жетегінде кетпей, нақтылы мұрағат құжаттарымен, ескі жазбалардағы сенімді дерек көздерімен көп нәрсенің парқына жетіп, ғалымдардан кем түспейтін деректану талабымен, ғылыми-тарихи ізденістерімен таныла білді. Сол тұста «Жекебатыр» емес, «Жеке бір батырлардың» даңқы желдей есіп.., жаңғырып кетті ғой. Ерінбеген екінің бірі сол «науқанның» сойылын соғып.., асыра сілтеп жіберді. Тортай да алғашқылардың бірі болып сол тақырыпты көтергенімен, оның жазбалары жалаң мадақ емес, тарихи деректерге ғана сүйенген, туралықты ұстанған туынды еді… Т. Сәдуақстың бұл жұмысының басты ерекшелігі – Қазақстанның әр қиырындағы белгілі тұлғалар арқылы елдің бірлігін паш ету. Ол бастан-аяқ мұрағат құжаттарын арқау етіп, ақиқатқа сүйеніп жазылғандықтан, енді ешкім де бұл жәйттерге қиыннан қиыстырып аңыз бен өтірікті қоса алмайды… Тортайдың орнықты пікірлері де, қардай бораған қауесеттерге қарамай, қаққан қазықтай қалыпты орнында қалды білемін. Биліктің бишігін үйіргендер зерттеушінің қадіріне жетпесе де, Тортайдың сол бір еңбегі талай тобырға олжа болып, солар үшін пайдаға асқан да шығар. Ол болса сондай көлденең шаруаларға да көз майын тауысып, үлкен ортада қызметтің жетегіне жегіліп, баспана ала алмай басы қатып жүрді. Әлгі атынан ат үріккендердің ата-бабасын ақтаймын деп жүріп, солардың ат қорасына да татымайтын үй алу оған қиынға түскенін білемін. Біле білсек, ол танымал тұлғалардың да, талай жеке азаматтардың да ата-бабаларына қатысты дәйекті деректерді дәл тауып, жарыққа шығарды.

Мысалы, Қазақстанды басқарған тұңғыш қазақ Жұмабай Шаяхметовтің шыққан ортасы туралы зерттеуі – ұмытылған ұлы тұлғаның өскен ортасына, ата-тегіне қатысты алғашқы әрі құнды, пайдалы танымдық дүние болды. Бұл әулеттен Жұмекеңе дейін де бірнеше аға сұлтан, болыстар, билер, старшындар, имамдар, азаттық үшін күрескен дін, алаш қайраткерлері шыққан екен. Сондай көрнекті мемлекет қайраткерінің бірі Дінмұхамед Қонаев туралы да зерттеушінің тың деректері жарыққа шықты. Мәселен, Димекеңнің аталары Көжекбай Азынабаев, Айтақ Тезекбаев, Қонай Азынабаевтар бір кездері, 1850 жылдары Абай елінде, Тобықты жұртында қоныс тепкен екен. Айтақ деген кісі елағасы ретінде құжатқа «көз» таңбасын салыпты. Міне, мұның өзі де екі елдің жақын байланысын, қыз берісіп, қыз алысқан, нағашылы-жиенді жәйттерін білдіреді ғой… Зерттеуші осы қатарда елағалары Ж. Тәшенов, Ф. Кәріпжанов, Б. Әшімов, Е. Әуелбеков, М. Сағдиев, Ә. Кекілбаев, И. Тасмағамбетов, Б. Ізмұхамбетов, т.б. тұлғаларға да қатысты деректерді тауып жариялады.

Өткенде бір жолығып қалғанымызда, Тортаймен тағы бір әңгімені қаузадық. Әлгі Тоқтамыс аталарың не болды деймін. Сол аға сұлтанға бір ауылдың атын берсек деп жүретін. Жұмабай Шаяхметовтың да атын жаңғырта алмай жатырмыз. Семейдегі алаш әскерінің командирі Хамит Тоқтамысов та сол Тоқтамыс атамыздың ұрпағы екені анық. Берікке (Әбдіғалиев зерттеуші, қайраткер) тапсырып айттым деп қояды. Тарихтан, архивтен басқа не жаңалық бар десем. Ол өз еліндегі Қайып батыр деген бір атақты аталарының нақты деректерін тапқан екен. Балаша қуанып соны айтты. Ол дерек бойынша баяғы қалмақ шапқыншылығы кезінде Атығай-Қарауыл жұрты бірнеше жыл Ақтөбе, Ырғыз жағында жайлап жүрген екен. Мұның өзі де қазақтың ішкі бірлігін көрсетеді. Қалмақ басқыншылығынан, Қоқанд қысымынан ығысқан ұлы жүздің кейбір рулары Арқаны паналаса, Орта жүздің біраз рулары Кіші жүз жеріне бұрылып, олармен де жақын бауыр басқан. Шәкәрім атамыз айтқандай, «Ақтабан-шұбырынды» зардабымен арғын елі батысқа ығысып, Тобықтылар да Ырғызбай, Кеңгірбай дегендей, жер атауына ыңғайласып, сол жақта болған ғой. Сол дерекпен бәрі сәйкесіп тұр. Содан менің де есіме түсті. Біздің елде бір себептермен сол Ақтөбе жағында қалып қойған бір ауыл Қаракесектер бар деп еститінбіз. Соған байланысты бір шағын жинақ та жарық көрген. Бұлар Ақтөбе облысының Қосестек деген жерінде ертеден қоныс тепкен ағайындар. Сонда Тортайдың айтуынша, 1740 жылдары болған осы оқиға ортақ жәйттерге ұласып, арғын рулары бірыңғай топталып, сол кезде батыс өңірде жайлап жүргені анық болып тұр. Оған қоса, біздің Қарқаралыда аралас қонып, бауыр басқан кіші жүз рулары да бар. Соның ішінде табындар да кездеседі. Автор әлгі табын ағайындардың бір ханмен келіспеушілік туындағандықтан, сол Ақтөбе жағынан Арқаға қоныс аударып келгенін жазыпты. Сонда бұлар да сол жақта бір-бірін біліскен қауым болып тұр ғой. Осындай деректерді де дәлме-дәл тауып, қилы тарихтарды қиюластыра білу де тарих үшін үлкен олжа.

Оның жарыққа шықпаған дүниелері әлі де көп. Осындайда еріксіз еске түседі, және бұл көп болып қолдайтын өнегелі іс. Оңтүстіктегі ағайындардың бір жақсы жері, ел-жұртқа, тиісті тұлғаларға, аудан-аймаққа қатысты тарихи, шежірелі дүниелер табылса, оны барынша қолдап, қаржы-қаражатты да аямай, тіпті сол дүниені жазған авторды да хан көтеріп әкетеді. Батыс аймақтағы бауырларымыз да мұндай шаруаға сондай жанашыр да жомарт. Сіздің елде де сондай азаматтар бар емес пе, сол жердің алтыны мен астығын судай сапырып жатқан алпауыттар аз ба, тіпті басшылықтың жанында, биліктің маңында жүргендер де жоқ емес қой… Халықтың қазынасын қармап жатқандар, елдің игілігіне де илігуі керек. Сен жеке шығармаңды емес, халықтың жадын жаңғыртып, ұрпақтың рухын оятып, сол елдің, сол жердің рухани байлығын жарыққа шығарып жатқан жоқсың ба деймін Тортайға. Бұл еңбектердің шет-жағасын көріп жүрген дәулер, олардың әкесі, ағасы, не ағайындары бар ғой, бірақ болмысты билеген байлық пен дәулет басқаға мойын бұрғызбайтын шығар. Бастапқы кезде «Продкорпорацияға», басқаларға да өтініш айтып, хат жолдап та көрдік, бірақ «баяғы жартас – бір жартас» сияқты ғой дейді ол күмілжіп.

Тіршіліктің күнделікті күйбеңін былай ысырып қойып, архив жұмысына білек сыбана кірісу оңай шаруа емес. Мен өзім де архивтің не екенін жақсы білетін адаммын. Кезінде алаш ардагерлеріне, ел тарихына қатысты біраз дүниелерді аршығанбыз.  Архивті аршимын деп жүргенде, ол «арқа етіңді арша» етіп, өзіңді «жеп» қояды. Қатпарлы тарихты бірнеше зерттеуші қатарласып, қанаттасып қопармаса, жеке адамның ісі өнбейді, «жалғыздың үні шықпайды, жаяудың шаңы шықпайды». Үлкен тақырыптарды тиісті кафедра, институт болып игермесе тағы болмайды. Кейде өлеңін де өгейсітіп, бар күш-жігерін осы маңызды шаруаға жұмсап, еліне үлкен олжа салып жүрген Құлагер сипатты «еңбек торысы» Тортайдың осындай жанқиярлық ісіне сүйсініп, қолдау білдіретініміз де содан. Мұндайда Ақан сері айтпақшы: «Ор болып қалушы еді шапқан жерің, Шаттанып тұрушы еді қосқан елің» дейтін, елгезек ұланын елейтін, жоғары ұшқан қыранын жебейтін ел-жұрт, арқалы азаматтар керек. Қайда екен солар?

Мұрағаттанушы, зерттеуші қаламгер Алатау аймағының да, Атырау атырабының да, Арқадағы қыпшақ, найман, уақ-керей, әсіресе Абылай хан ордасы, Атығай-Қарауыл жұртының, жалпы «көз» таңбалы елдің де көл-көсір тарихына көп үлесін қоса алды. Өз елінің тарихы мен тағылымын елеп-екшеген зерделі қауым, зейінді ұрпақ болса, осыншама еңбек елеусіз қалмас. Халқына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Тортай бауырымыз алқалы ағайынның алақанында, қабырғалы жұртының қаумалында, берісі бес мейрамның белдеуінде, жеті момынның жебеуінде, арысы алты алаштың алқауында жүруге лайықты шығармашыл тұлғаның бірі деп білемін. Ол әлі де халқының жоғын тауып, жорғасын мініп, жортқанда жолы бола берсін!

Қабылсаят Әбішев,

заңгер, тарих, мәдениет пен әдебиет жанашыры,2020 ж.