Ақмола облысының әкімдігінде өрт қаупі кезеңінен өту бойынша кеңес өтті. Өңір басшысы Ермек Маржықпаев, аудан әкімдері мен мемлекеттік органдардың басшылары Абай облысында қаза тапқан орманшыларды бір минут үнсіздікпен еске алды.Жиынды аша отырып, өңір басшысы өрттің барлығы адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін, табиғат пен жануарлар әлеміне елеулі, жиі орны толмас зиян келтіретінін, тұтастай алғанда экономика мен әлеуметтік салаға теріс әсер ететінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы мен Үкімет орын алған жағдайлардың қорытындысы бойынша ормандағы өртті ерте анықтау, оны жедел сөндіру жүйесін енгізуді, сумен жабдықтау және қамтамасыз етуді тапсырды. Аталған мәселелер өзекті болып табылады және аталған бағытта қойылған міндеттерді одан әрі орындауды талап етеді», – деді Е.Маржықпаев.

ТЖ департаментінің бастығы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, өңірде өрт қаупі кезеңі басталғаннан бері 31 орман және 1 дала өрті, сондай-ақ 18 шөп өрті тіркелген.Статистикалық деректерге сәйкес, орман өрттерінің пайда болу себептері – найзағай разрядынан 9 жағдайда, адам кінәсінен – 3, бақыланатын күйдіру кезінде – 1, ауыл шаруашылығы өртінің себебінен –1, белгіленбеген себептер бойынша–17 болып табылады.Облыста 230 бірлік техника, 3 өрт-сорғы станциясы, 231 рюкзакты өрт сөндіргіш, 82 мотопомпалар және 1130 хлопушкалар дайындалды. Өртке қарсы жергілікті полиция қызметтері мен орман инспекциясы қызметкерлерінен 56 мобильді топ құрылды.

Кеңес барысында «Бурабай» МҰТП аумағында қолданылатын ерте сатыдағы өрт және түтін ошақтарын ерте анықтау әдісінің тиімділігі атап өтілді, осыған ұқсас қондырғы «Көкшетау» МҰТП-да пайдаланылатын болады.Өз баяндамасында табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров Ақмола орман қорының ауданы 1,1 млн. га, оның ішінде 384,2 мың га – орманды алқап құрайтынын айтты.

«Орман шаруашылығы мекемелері өрт қаупі маусымы басталғанға дейін мемлекеттік қордың іргелес жерлерінде қызметін жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы құрылымдарымен және басқа да шағын және орта бизнес субъектілерімен орман және дала өрттері туындаған жағдайда күштер мен құралдарды тарту жөнінде шарттар жасасты. Жасалған шарттарға сәйкес қосымша резерв 558 адамды және 273 бірлік техниканы құрайды, 130 тонна ЖЖМ резерві құрылды», – деді облыстық ведомство басшысы.

Орман өртін болдырмау мақсатында ұзындығы 12510 км минералданған жолақтарды орнату және күту бойынша жұмыстар жүргізілді.

Жиынды қорытындылай келе, өңір басшысы жергілікті атқарушы органдардың өртке қарсы ерікті құралымдары мен өрт сөндіру бекеттерінің дайындығын қайта тексеру бойынша арнайы жұмыс тобын құруды, өрт техникасымен және мүкәммалмен нашар жабдықталған орманшылықтарға ерекше назар аударуды, табиғи өрттерді, орман шаруашылықтарының штаттық және маусымдық қызметкерлерін сөндіру бойынша оқу-жаттығулар өткізуді, өртті қауіпсіз сөндіру үшін қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етуді тапсырды.

«Орман біздің байлығымыз. Барлық мәселелерді бірге шешуіміз керек. Дәл осы жауапты құрылымдардың үйлесімді іс — қимылымен өрт қаупі кезеңін жедел жоя аламыз», – деп түйіндеді Ермек Маржықпаев.

 «Көкше-ақпарат»