Ақмола облысында өсімдік зиянкестерімен және карантиндік объектілермен күресу жұмыстарын үйлестіру және уақтылы ден қою бойынша жедел штабтар жұмыс істейді. Бұл туралы облыстың ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Ведомствоның мәліметінше, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі мен сапалық көрсеткіштерін арттыру мақсатында өңірде агротехникалық шаралар жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге, топырақтың құнарлылығын жақсарту үшін минералды тыңайтқыштарды қолдануға көп көңіл бөлінуде.

«Биылға жоспарланған 110 мың тонна тыңайтқыштың 100 мың тоннасы сатып алынды. Тыңайтқыш енгізу жұмыстары шілде-қазан айларында жүргізіледі. Егістікті арамшөптерден қорғау үшін облыс фермерлері 4,4 миллион гектар (жоспардан 109,4 пайыз) алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын қолға алды, оның ішінде қосжарнақты арамшөптерге — 2,8 миллион гектар, дәнді дақылдарға — 1,6 миллион гектар», – деп түсіндірді ведомстводан.

Бұдан бөлек, қазіргі уақытта дәнді дақылдар ауруы (септория) және өсімдік зиянкестері (бидай трипсі), сондай-ақ, шегірткеге қарсы іс-шаралар барысында 223,2 және 368,9 мың гектар алқап өңделді.«Сонымен қатар, Ақмола облысында өсімдік зиянкестерімен және карантиндік объектілермен күресу жұмыстарын үйлестіру және уақтылы ден қою бойынша жедел штабтар жұмыс істейді. Осы штабтардың үйлесімді жұмысының арқасында 4,5 мың гектар алқапта отар шегірткеге қарсы, 42,6 мың гектарда отар емес шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары аяқталды. Оның ішінде 5,5 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, 37,1 мың гектары мемлекеттік қордағы жерлер», – деп толықтырды ведомстводан.  Өңірде агротехникалық іс-шаралардың барлық циклін сапалы өткізу мәселесі тұрақты бақылауда.

 «Көкше-ақпарат»