Ұйымдастырушылық қабілеті зор, ауыл шаруашылығы өндірісінің білікті маманы Төлеу Сүлейменов – Көкше тарихында есімі алтын әріппен жазылған айтулы тұлға. Сырлы Сырымбет ауылында 1927 жылы өмірге келген ардақты азамат өмірдің қилы кезеңдерін бастан кешірсе де, тағдырдың тәлкегіне мойымай, қажыр-қайрат таныта білді.

Алматы ауылшаруашылық институтында алған мамандығы бойынша алғашқы еңбек қадамын Зеренді ауданында агрономдықтан бастап, бес жылдай «Лавров» совхозының директоры болды. Оның іскерлік қабілетінің арқасында артта қалған бұл шаруашылыққысқа мерзім ішінде Айыртау ауданында ғана емес, облыстағы алдыңғы қатардағы озаттар санына қосылды.

Іскер азаматты алда биік асулар күтіп тұрды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болып істегенде егіншілік мәдениетін жақсартуға айрықша көңіл бөлсе, 1971 жылы астық өнімдері облыстық өндірістік басқармасының тізгінін қолына алысымен элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарын техникалық жарықтандыру жөнінде кешенді бағдарламаны жүзеге асырды. Оның табандылығы арқасында 1973 жылдың соңына қарай Пески, Тайынша, Жамантұз, Степняк, Азат, Зеренді, Володар, Уголки астық қабылдау кәсіпорындары алғы шептен көрінді.

Көреген басшы Төлеу ағаның облыс орталығының экономикасымен бірге әлеуметтік инфрақұрылымын өркендетуге қосқан үлесі де айрықша. Жанашырылықтың, қамқорлықтың арқасында элеватор маңында «Ақбидай» мәдениет үйі салынды. Ең бастысы сала қызметкерлері мен жұмысшылар тұрмысқа жайлы пәтерлерге қол жеткізді.

Іскер басшы, білікті маман Төлеу Сүлейменовтың еңбегі лайықты бағаланды. Жиырма жеті жасында СССР Жоғарғы Советі Президиумының Төрағасы Климент Ворошиловтың қолынан Ленин орденін алып, СССР Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланды. Бертіндері омырауына Октябрь революциясы және екі мәрте Еңбек Қызыл Ту орденін тақты.

Өңірдіңөркендеуіне қосқан үлесі ескеріліп, «Достар» мәдениет сарайы жанындағы аллеяда ел ардақтысы Төлеу Сүлейменовке бюст орнату рәсімі болды. Бұл өнер туындысының авторы – танымал скульптор Тоқтар Ермеков бұған дейін даңқты жерлесіміз Еркін Әуелбековтің еңселі ескерткішін жасаған болатын. Салтанатты митингіде сөз сөйлеген облыстық мәслихаттың хатшысы Талғат Жүнісов, Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса, еңбек ардагерлері Армия Әбілқайыров, Айдар Мурзин, Ақмола облысының құрметті азаматы, туған інісі Болат  Жанәділов ел ардақтысы Төлеу Сүлейменовтың қайраткерге тән жасампаз істері жайлы тебірене айтты. Өмірі қысқа болса да Төлеу ағаның жарқын бейнесі көкшеліктердің санасында мәңгі сақталады.

А.АЙҒАРА