Әйелдердің мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру мақсатында «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанынан әйелдер қанаты құрылды.

«Әйелдер қанаты» отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын дәріптейді. Ақмолалық белсенді әйелдердің басын біріктірген жобаның ашылуында облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Берген Беспалинов әйелдер қауымының қоғамдағы рөлін, олардың әрбір саланы дамыту мен нығайтуға қосқан үлестерін айрықша атап өтіп, аймақтық саяси бюро кеңесінің шешімімен облыстық мәлихат депутаты Айнагүл Балташева әйелдер қанатының кеңесшісі болып тағайындалғандығын хабарлады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Деменьтева әйелдер қанатының мақсат-міндеттерін айтып, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының, Әйелдер күштері Альянсының өкілдері мен шағын және орта бизнестегі нәзік жандылар сөз сөйлеп, өз жұмыстарынан ұйымдастырылған көрмені назарға ұсынды.

Мәселен, «Ана Үйі» қоғамдық қорының Көкшетау қаласы бойынша үйлестірушісі Құралай Жұмабекова қиын жағдайда қалған әйелдерге пана болған орталықтың жұмысын, оның атқарған жұмысын баяндады.

Психологиялық және құқықтық көмек бере отырып, әйелдерді оқыту мен мамандық алуына жағдай жасап отырғандығын айтты.

Партия жанынан құрылған әйелдер қанаты отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын дәріптейді. Кәсіпкер әйелдерге қолдау білдіріп, нәзік жандылардың ғылыммен айналысуына жағдай жасайды. Мәселен, соңғы 15 жылда дүние жүзі бойынша нәзікжандыларды ғылымға көбірек тарту бойынша көптеген істер атқарылуда. «Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, әлем бойынша ғалым әйелдердің үлес салмағы басымырақ. Қазақстанда соңғы уақытта ғалым әйелдердің қатары көбейіп келеді және елімізді ол үшін барлық жағдай жасалған», – деген деректер келтірді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің проректоры Айгүл Жақыпова.

Жалпы, бүгінгі күні өңірде облыстық мәслихаттың депутаттары қатарында – 5, аудандық, қалалық мәслихаттардың депутаттары қатарында – 76 нәзік жандылар бар. Бір әйел Жақсы ауданының әкімі, 40 әйел ауылдық және кенттік округтердің әкімі болып жұмыс істеп жатыр.

Аймақтағы саясат, білім, денсаулық, мәдениет, кәсіпкерлік, үкіметтік емес ұйымдар және т.б салаларды табысты қызмет етіп келе жатқан әйелдер, көпбалалы аналар қауымымен өткен басқосу еркін пікір-алмасуға ұласып, түрлі ұсыныс-тілектер айтылды.

«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі