Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру барысында Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы сөз етілген облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың көшпелі брифингі Бурабай баурайында өтті.

Өңір тұрғындарының дені ат­қарылып жатқан қат-қабат шаруа­ға разы екенін тікелей эфир кезінде білдірген пікірлерінен айқын аңғарылды. Әрине, қордаланып қал­ған мәселелер де бар. Бірақ олар біртіндеп шешіліп, ойға алған шаруа оңынан оңғарылуда. Өңір тұрғындарының нақты сауалдары да қойылды. Бұл сауалдарға бірден толымды жауап берілді.

Бұрыннан жұмыс істеп тұрған «Енки» кірпіш зауыты жылына 60 млн дана кірпіш дайындайтын. Қазір жаңадан іске қосылған «Енки Плюс» зауыты арқылы тағы да жылына 30 млн дана кірпіш дайындауға мүмкіндік туып отыр. Таяуда өңірде тағы бір ірі кірпіш зауыты іске қосылған кезде жылына 120 млн дана кірпіш дайындауға мүмкіндік туады. Жыл соңына дейін ірі гидрометаллургиялық кешен іске қосылып, 5 млн тонна алтын кені өңделеді. Осы жылдың қазан айында Орталық Азиядағы ірі кәсіпорын – Макинск құс фабрикасының үшінші кезеңі іске қосылады. Бұл елімізге шеттен келетін құс етін 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Облыста 2025 жылға дейін жалпы құны 1,3 трлн теңге болатын 300-ден астам жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 13,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Биыл өңірдегі егістік көлемі 57 мың гектарға кеңейіп, 5,1 млн гектарға жетті. Бұл – еліміздегі ең үлкен егістік алқабы. Жыл сайын Ақмола өңірі еліміздегі дәнді дақылдың төрттен бірін өндіреді. Облыстың өз ішіндегі қажеттілікті толық өтеп, тұқым, мал азығын да қапысыз қамтамасыз етіп отыр. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы құрылымдары 727 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Көктемгі егіс науқанына 14,7 мың трактор, 16,4 мың дән себетін агрегаттар, сондай-ақ 1,4 мың жоғары өнімді кешендер қатысты. Науқан басталғанша қолда бар барлық техника тегіс жөндеуден өткізілді.

Брифинг барысында азық-түлік қауіпсіздігі туралы да айтылды. Биыл майлы дақылдармен бірге кар­­топ, көкөніс тұқымдарын сіңірген ал­­қап­тардың көлемі ұлғая түсті. Әрбір ауданда ет және тауарлы сүт фер­ма­лары құрылуда. Қазір 4 аса ірі маман­дандырылған, 4,9 мың бас малға арналған сүт фермаларының құрылысы жүргізілуде.

Облыс орталығы мен жалпы өңірді таза ауыз сумен қамту мәселесі туралы сауал қойылды. – Бүгінде өңірде қала тұрғын­дары­ның 95 пайызы, ауылдық жер­лер­дегі тұрғындардың 85 пайызы орталық­тандырылған су жүйесімен қамтамасыз етілген. Ал Көкшетау қаласындағы мәселе – ертеден қордаланып қалған күрделі жайт. Қаладағы тазалау құрылғылары да өткен ғасырдың жет­пісінші жылдары салынған. Сон­дықтан әбден тозып біткен. Бүгінде Көкшетау қаласында жылу электр стансасын салу туралы техникалық-экономикалық негіздеме жасалуда, – деді облыс әкімі.

Алдағы уақытта нан жеткілікті бола ма деп сұрады журналистер. Өткен жылы қуаңшылық болды. Бірақ бұл орайда алаңдарлық ештеңе жоқ екен, күзгі егін орағына дейін еркін жететін аст­ық қоры бар. Көктемгі егіс науқаны уа­қытында аяқталды. Жерден беріп, аспан­нан иіп, ауа райы қолайлы болса, 5 млн тонна астық жинауға мүмкіндік бар.

А.АЙҒАРА