Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Марат Ахметжанов брифинг өткізіп, онда Ақмола облысының 2023 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Брифингке 30-дан астам БАҚ өкілдері мен блогерлер аккредиттелген. Сондай-ақ шараға облыстың әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, туризм және экономика басқармаларының басшылары қатысты.

«Өткен жылдың соңында сіздермен кездесуде мен атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы үнемі хабардар болатыныма сендірдім. Бүгін, 2023 жылдың қорытындысын шығара отырып, облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бойынша оң динамика байқалатынын атап өтуге болады», – деп атап өтті облыс әкімі.

Спикер өңірді одан әрі дамыту үшін ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инвестициялар тарту, туризмді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және елордалық елді мекендерді дамытудың негізгі бағыттарын атап өтті.

«Ел президенті берік өнеркәсіптік қаңқаны құру үшін өңдеу секторын шоғырландырылған дамытудың маңыздылығын атап көрсетеді. Бұл тұрғыда өңдеу өнеркәсібінде екі есе өсуге қол жеткізу мақсатында өндіріс көлемінің 17% өсуін қамтамасыз ету қажет, бұл жыл сайын 250 млрд теңгені құрайды. Ол үшін өнеркәсіптік кәсіпорындардың жүктемесіне талдау жүргізіп, оларды ұлғайту шараларын әзірлеу қажет. Сондай-ақ, ағымдағы жылы майлы дақылдардың егіс алқаптарын екі есеге ұлғайту және ауыл шаруашылығы жануарлары санының одан әрі өсуіне мүмкіндік беретін берік жем-шөп базасын құру қажет», – деді М.Ахметжанов.

Облыс әкімі басты міндеттердің бірі үш жыл ішінде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің 70% үлесіне қол жеткізу екенін атап өтті. Ағымдағы жылы өңір аумағында жобаларды іске асыруға мүдделі инвесторларды тартуды ұлғайту талап етіледі.

«Өңірдің ерекшеліктерін ескеретін алдағы 5 жылға арналған туризмді дамыту стратегиясын әзірлеу, сондай-ақ олардың жұмыс тиімділігін бағалау үшін аудандар мен қалалар әкімдерінің рейтингін енгізу маңызды міндет болып қала береді. Жалпы, алға қойылған міндеттерге табысты қол жеткізу үшін жаңа тәсілдерді қолдану және ресурстарды барынша жұмылдыру талап етіледі», – деп толықтырды өңір басшысы.

Биылғы жылдың міндеті – сүт зауыттарын 83%-ға дейін, ет комбинаттарын – 38%-ға (құс етін қоспағанда), май зауыттарын – 52%-дан кем емес қамтамасыз ету.

«Облыс үшін болашағы зор салаларға – ет, сүт және майлы дақылдарды терең өңдеуге басымдық беру керек. Майлы дақылдар егілген алқапты екі есеге жуық ұлғайтып, яғни 400 мың гектарға жеткізіп, қуатты азық-түлік қорын жасауымыз керек. Бұл ауыл шаруашылығы малдарының санының артуына оң әсерін тигізеді», – деп атап өтті М.Ахметжанов.

Биыл облыс инвестициялық ахуалды жақсартып, инвестиция тарту көлемін бір жарым есеге арттыруы тиіс. Облыс әкімі атап өткендей, бұл бағытта алғашқы қадам басталып та кетті.

«Өткен жылдың желтоқсан айында «AQMOLA INVEST» инвестициялық даму орталығы құрылды, оның функцияларына инвесторларды жоспарлау кезеңінен бастап нысандарды іске қосуға дейін қолдау кіреді. Сонымен қатар, Аршалы ауданында республикалық маңызы бар «Ақмола» индустриалды аймағы (300 гектар аумақты 1000-ға дейін кеңейту мүмкіндігі бар) бар», – деп қосты өңір басшысы.

Ақмола облысының туристік әлеуеті зор. Оны дамыту үшін туризм басқармасы аймақтың ерекшеліктерін ескере отырып, алдағы 5 жылға арнайы стратегия әзірлемек.

Құрылыс саласында да жұмыстар жалғасады. Әсіресе, тапсырылатын нысандардың уақытылы және сапалы орындалуына баса назар аударылатын болады. Айтпақшы, 2023 жылы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті 130 жоспардан тыс тексеру жүргізген. Нәтижесінде 107 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, заң бұзушылықты жою туралы 105 ұйғарым шығарылды.

«Ел басшылығы білім мен денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Облысымызда «Жайлы мектеп» (2024 жылы 9 мектеп) және «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» (2024 жылы 13 медициналық ұйым) республикалық жобаларын жүзеге асыру басталды», – деп бөлісті М.Ахметжанов.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына келсек, Егіндікөл және Қорғалжын аудандарын сумен қамтамасыз ету үшін Нұра топтық су құбырының ең тозығы жеткен 69 шақырым учаскесі қайта жаңғыртылуда. Үкіметпен бірлесіп жобаның соңғы кезеңін қаржыландыру мәселесі шешілді. Бұл үшін республикалық бюджеттен 1,8 миллиард теңге бөлінді.

«Облыс орталығын дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – біздің маңызды міндеттеріміздің бірі. Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында республикада, оның ішінде Көкшетауда үш жылу электр станциясын салу туралы меморандум жасалған болатын. Жылу электр стансаларының іске қосылуымен біз халықты ғана емес, өнеркәсіптік кәсіпорындарды да электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етудің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыра аламыз», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ Марат Ахметжанов Көкшетауда ұзақ мерзімді коммуналдық құрылысты аяқтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын еске салды. Көптен күткен су тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту және кеңейту жобасы мәреге жетті. Жыл соңында нысанда жоспарланған жұмыстар жүргізіледі. Ағынды суларды тазарту қондырғыларын салу үшін арабтың Metito компаниясымен іргелі ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Іске асыру мерзімі 2024-2026 жылдар.

«Аудан және қала әкімдерінің жұмысының тиімділігін бағалау үшін олардың рейтингін енгізу маңызды міндет болып қала береді. Жалпы, алға қойылған барлық міндеттерді ойдағыдай орындау үшін өңірімізде жаңа тәсілдерді қолдану және ресурстарды барынша жұмылдыру қажет», – деп түйіндеді облыс әкімі.

Кездесу БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауаптармен жалғасты.

Ең көп талқыланғандардың бірі экология тақырыбы болды. Аймақтың экологиялық проблемаларының тізімінде – қаладағы атмосфералық ауаның, судың және топырақтың ластануы. Журналистер өңір басшысының назарын Макинск және Щучинск қалаларындағы экологиялық атмосфераға шығарындыларға, Аршалы ауданындағы рұқсат етілмеген қоқыстарға және т. б. аударды.

БАҚ өкілдерін денсаулық сақтау және білім беру тақырыптары да толғандырды.

Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика саласында облыс орталығында ЖЭО салу, газдандыру, Зеренді ауданын энергиямен қамтамасыз ету мәселелері қойылды.

Марат Ахметжанов қойылған сұрақтардың барлығына жан-жақты жауап беруге тырысты. Айтылған ұсыныстар мен мәселелер жеке бақылауына болатынын жеткізді.

Дайындаған Ә.ҚҰЛЖАНОВА.