«Bolashaq» сарайында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Балалар жылының» ашылу салтанатына қатысты. Шараға қоғамдық ұйымдар жетекшілері, ұстаздар мен балалар, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Өңір басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында биыл «Балалар жылы» болып белгіленгенін айтып, балақайларды құттықтады: «Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – елге ие болатын білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Біз қай заманда да білімге құштар, жақсылыққа ұмтылған халық ұрпағымыз. Балаларымызға сапалы білім бере отырып, өз Отанын жүрегімен сүйіп, қастерлей білетін азамат ретінде тәрбиелеу–келешегіміздің кемел болуының айғағы. Ойы сергек, дені сау ұрпақ – қоғам байлығы».

Балалар жылы аясында Ақмола облысы бойынша алғашқы «JasSkills Аqmola-2022» чемпионаты да басталмақ. Бүгінгі таңда Ақмола облысында техникалық және кәсіби білім беру жобасын жүзеге асыру бойынша, ойы ұшқыр, дарынды өскелең ұрпақты білім мен ғылым бағытында қолдау және шыңдау мақсатында түрлі іс-шаралар атқарылып келеді. Осы оқу жылында республика бойынша 4 бағытта 338 ғылыми жоба тіркелді, оның ішінде 23 командалық жұмыс пен 216 қатысушы бар. Ақмола облысының оқушылары халықаралық ғылыми-зерттеу жарыстарына белсенді түрде қатысуда.

«JasSkills Аqmola-2022» – бұл оқушылардың жұмысшы мамандықтары бойынша біліктері мен дағдыларын көрсету мүмкіндігі бар беделді іс-шара. Бұл чемпионат жұмысшы мамандықтарды дәріптеуге және ерте кәсіби бағдар беруге серпін береді.

Бұл күнгі жарқын кездесу балғындарға сарқылмас қуат, жақсы көңіл-күй мен қарым-қатынас қуанышын әкелетін, ал біреу үшін бүкіл өмірдің мәні, оның болашақ мамандығы болатын үлкен ортақ шығармашылық істің жақсы бастауы болды. Шарада «JasSkills Аqmola-2022» чемпионатына облысымыздың әр ауданынан қатысушы командалар таныстырылды.

Адам өміріндегі ең үлкен бақыт — ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі гүлдей жайнаған бүлдіршін – еліміздің ертеңгі тірегі, ата-бабамыздан қалған ұлан-байтақ жердің иесі. Салтанатты шара өнерлі балғындардың концертіне ұласты.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ