Көкшетау қаласы әкімінің жүлдесі үшін Қарттар айлығы аясында ерлер мен әйелдер арасында шахмат пен дойбыдан өткен дәстүрлі ХХ турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Шаһар басшысы қатысқан бұл шараны қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев басқарып, жүргізіп отырды.

Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса Қарттар айлығы аясында атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, спорттың бұқаралық сипат алуына елеулі үлес қосып жүрген қарияларды турнирдің ойдағыдай аяқталуымен құттықтады. Бұдан кейін ерлер мен әйелдер арасында шахмат пен дойбыдан жеңімпаз атанған ардагерлер арнайы дипломдармен қоса ақшалай сыйлықтар алды.

Ерлер арасында шахматтан ХХ рет өткен сайыста Уәлиден Ілиясовтың бағы жанып, 1 орынды еншілесе, 2-3 орындар Тельман Мұқышев пен Сәкен Тәңірқұловқа бұйырды. Ал, Қорабай Шамғанов, Рымбек Ғабдуллин, Еркін Солтан, Арыстан Аяғанов «Ардагер қатысушы», «Ең жақсы мәре», «Әдемі партия үшін», «Белсенді қатысушы» аталымы бойынша дипломға ие болды. Әйел шахматшылар арасында Гүлнәр Мұхамедиева, Людмила Титенко, Нина Бакка турнир жеңімпазы атанып, жүлделі үш орынды өзара бөлісті.

Ерлер мен әйелдер арасындағы дойбы жарысы да тартысты өтті. Шаршы тақтада өрнекті ойынымен көзге түскен Алпыс Жұрын, Сайлау Көшкенұлы, Владимир Тонких алдарына жан салмай алғашқы үш орынды бөліссе, әйелдер арасындағы бәсекеде Гүлнәр Мұхамедиева, Людмила Титенко, Виктория Мұхамеджанова жеңіп шықты.

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев алдағы уақытта турнирдің тартысты өтуі үшін оған қатысушылар санын көбейту керектігін айтты. Мәселен, әйелдер арасындағы жарысқа небәрі үш ойыншының қатысуы бәсекелестік туғызбайтыны белгілі.

–Қала әкімінің жүлдесі үшін аталған жарысты биыл жиырмасынша рет өткізіп отырмыз. Әркез қолдау көрсетіп жатасыздар. Былтыр бірнеше шахмат әпердіңіздер. Осындай қамқорлықты айқын сезіне отырып, біздің ардагер ойыншыларымыз әр түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде. Мәселен, Уәлиден Ілиясов пен Сайлау Көшкенұлы қала намысын абыроймен қорғап, шахмет пен дойбыдан өткен облыстық турнирде жүлделі орынға ие болды, – дейді шахмат-дойбы клубының жетекшісі Тельман Мұқышев.

Ақмарал АЙҒАРА