Қазақ ағартушысы, қоғам және мемлекет қайраткері, ақын, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде және еліміздің барша өңірінде аталып өтіліп, түрлі мәдени шаралармен айшықталуда.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының 5 жылдығына орай, Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің Бірлік қалалық үлгілі кітапханасында Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналып «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» атты орталық ашылды.

Мақсаты: қазақ халқының әлеуметтік, саяси, мәдени, тарихи өмірінде орны айрықша тұлға – Ахмет Байтұрсынұлының халықтық тәлім-тәрбиелік ойларының негізінде жастардың бойына адамгершілік, ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді дарыту; ақын, қоғам қайраткері, ұстаздың құнды мұраларын дәріптеп, еңбектерін жан-жақты насихаттау мен оқырмандарды А.Байтұрсынұлының әдеби мұрасымен таныстыру.

Орталықтың ашылуында, Алматы қаласы Ахмет Байтұрсынұлы музей үйі қорынан алынған құжаттар көшірмесі пайдаланылды.

Іс-шараға Ақмола облысының тілдерді оқыту орталығының директоры Қаратай Төлекеев, қалалық мәдениет, және тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күнім Оразбаева, «Тiлдердi оқыту орталығы» КММ-нiң директоры Гүлдана Есмурзина, А.Байтұрсынұлы мұраларын, ғылыми еңбектерін насихаттап жүрген Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Сәбит Жәмбек, мектеп ұстаздары, оқырмандар қатысып, өз-ойларымен бөлісті.

Кітапханашы «Дәуірдің жарық жұлдызы» атты кең ауқымды кітап көрмесімен таныстырды. Біржан сал атыңдағы музыкалық колледжінің студенттері «Балбырауын», «Көңілашар» күйлерін орындап, №22 мектеп оқушылары ақын жырларынан үзінділер оқыды.

«Көкше-ақпарат»