Мәриям Кенжеахметқызы – ҚР Мәдениет қайраткері, Көкшетау қаласының Құрметті азаматы. Өлкеміздің өркендеуіне қомақты үлес қосқан, халқымыздың мәдениеті мен өнерінің шынайы жанашыры Мәриям Кенжеахметқызы 1947 жылдың 20 қазанында Солтүстік Қазақстан облысының Петропавловка ауылында дүниеге келген.

1969 жылы еңбек жолын қала мектебінде ұстаздық қызметтен бастаған ол 1982-1984 жылдары облыстық телевидениеде режиссер, облыстық радиода диктор қызметтерін атқарады. Мәдениет саласындағы ұзақ жылғы қажырлы қызметін 1987 жылы Көкшетау қалалық мәдениет бөлімін басқарудан бастаған Мәриям Кенжеахметқызы – қаламыздағы Әдебиет және өнер музейінің негізін қалаушы әрі бірінші директоры, Кеңес Одағының батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллин музейі және Көкшетау қаласының тарихы музейлерінің  іргетасын қалаған.

Тайынша ауданында Жақан Сыздықовтың, Зеренді ауданында Мәлік Ғабдуллиннің, Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда Айқын Нұрқатовтың музейлері, сонымен қатар тәжірибелі экспозиционер, білікті маманның әдістемелік бағыт-бағдар беруімен Бурабай ауданында Есмағамбет Ысмайылов музейі, Айыртау ауданында Айғаным үй-жайы экспозициялары құрылды. Музейлер ашылып қана қоймай, іс жүзінде тарихи-мәдени ортаға айналуы жолында, халқымыздың тарихи құндылықтарын, рухани-мәдени мұрасын зерттеп, зерделеп, келер ұрпаққа сабақтастыруда, музей ісін жетік меңгерген шәкірттер тәрбиелеуде Мәриям Кенжеахметқызының еңбегі ерен.

«Музейдің іргетасын қалаушы», «музейдің экспозициясын құрушы», «ғылыми тұжырымдама авторы» ұғымдарының астарында жылдар бойғы қажырлы еңбек, өкілетті орындардың табалдырығын тоздыру, ұйқысыз түндер, ізденістер жатыр…

Оның асқан ыждаһатпен тірнектеп жинаған музейлік заттары, жәдігерлері – туған өлкемізге, оның тарихына, сол тарихты жасаушы тұлғаларға деген құрметінің көрсеткіші іспеттес. Ол 1997 жылы Көкшетау облыс орталығы мәртебесінен айырылған қиын кезеңде халқымыздың рухани-мәдени құндылықтарын сақтап қалу үшін аянбай еңбек етіп, нәтижесінде қаламыздағы өзі іргетасын қалаған мәдениет ошақтарының басын қосып, «Көкшетау» музейлер бірлестігін құрды.

Музейлер бірлестігін басқарған жылдары өзінің ұйымдастырушылық, дипломатиялық қабілеттерімен, қайсарлық, парасаттылық қасиеттерімен жұртшылықтың ықыласына бөленді.   Мәриям Кенжеахметқызының жылдар бойы жинақтаған бай тәжірибесі негізінде жазған «Музей әлемі» атты ғылыми еңбегі – әрбір музей қызметкеріне ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра, жауһар дүниелерді дәріптеу, қоғамымыздағы руханиятты дамыту, тарихи-мәдени дәстүрлерді сақтап, насихаттауда тура бағыт-бағдар беретін аса құнды әдістемелік құрал. 1999 жылдан бастап Мәриям Кенжеахметқызы «Ақмола-Бөбек» балалар қорының атқарушы директоры қызметін қатар атқарып, облысымыздағы ата-анасыз және аз қамтылған отбасы балаларына әлеуметтік қолдау көрсетумен айналысты.

Сонымен қатар ол 50-ден астам әннің авторы, 2000 жылдары әуесқой сазгердің бастамасымен «Көкшетау» музейлер бірлестігі жанынан құрылған «Дастан» музыкалық-фольклорлық ансамблі республикамызға танымал.

А.АЙҒАРА