Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер болмас» атты тақырыпта кездесу өтті.

Кездесуге Алматы мен Көкшетауда алаңға шығып, өз наразылықтарын білдірген жастар, бүгінгі қайраткерлер қатысып, естеліктерімен бөлісті. Тәуелсіздік бастауы болған Желтоқсан оқиғасы, оның тарихи маңызын кеңінен насихаттауды және жастардың бойында ұлтжандылық, отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған кездесуде студенттер қарасы көп болды. Атақты «Төртеудің сотының» бір кейіпкері Қайыргелді Күзембаев Алматыдан арнайы келіпті. Ол Көкшетаудың тумасы екен. Қайрат Рысқұлбековпен соңғы сот үкімін шыққанда қасқайып тұрған батыр жерлесіміз естелік әңгімесін айтты. Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққаны үшін сотталған, сот залында алды ату жазасын алса да қайсарлықпен қасқайып тұратын төрт жігіттің тарихи фотосын білмейтін қазақ жоқ шығар. Сол фотодағы Қайрат Рысқұлбековтің жанында тұрған қайсар жігіт Қайыргелді Күзембаев, желтоқсан көтерілісі кезінде ауылдан енді келген өрімдей жас Айболат Жұмабай, ұлт болашағы үшін жан-тәнімен еңбек етіп жүрген Шора Қарабаев, Нәбижан Бәйтеков, Әмірбек Матеев жігіттердің намысын қайрап, алғы шепте тұрған.

Басқа да қаһармандардың естелік әңгімелері жастарды бейжай қалдырмады. Қасіретті күндердің куәгерлері, оқиғаның ортасында болған – желтоқсаншылардың өз аузынан естелік тыңдау, сұхбаттаса отырып сырласу жастарға рух беріп, намысын қайрады, Отанға деген махаббатын арттырды. – Қазаққа Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ. Біз оған ызғарлы Желтоқсанда кеңестік қызыл империя бодандығына қарсы бұлқынған намысшыл қазақ жастарының арқасында қол жеткіздік. Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен Желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғыратын болады, – деп атап өтті сөз алғандар. Көкшетауда ұйым ашып, бәрінің басын қосқан Қанай бидің ұрпағы Дәурен Жарылғасовтың бастамасымен көп жұмыс атқарылды. Жақында ол облыс әкімінің қабылдауында болып, желтоқсандықтарға ескерткіш орнату мәселесін көтерді.

Аға ұрпақтың намысқойлығына, елжандылығына, қайсарлығына бас иген жастар Тәуелсіздігіміздің бастауы болған Желтоқсан көтерілісіндегі ерлігі үшін аға-апаларына алғыс айтты.

Жастар аға ұрпақ аманаты – Тәуелсіздікті көз қарашығындай сақтайтындықтарын кездесу әсерімен толқи отырып жеткізді. Тағылымы мол әңгіме тыңдап, тағзым етуге тұрарлық аға-апаларының болғанын мақтан етті.

Желтоқсандықтарға Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова домбырашы шәкірттерімен келіп, әуелетіп ән салды. Музей директоры Құдайберлі Мырзабек желтоқсандықтарға арнайы бұрыш ашылатынын атап өтті. «Желтоқсан жаңғырығы» жобасы аясында музей қоры құнды жәдігерлер және жеке мұрағаттық деректермен толықтырылуда. Бұл күні Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың музейге сыйға тартқан заттарынан көрме ұйымдастырылды.