Қазақстан Республикасы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінде әскери қызметшілер арасында «Ұландарды ұлықтаған Мәңгілік ел» атты ақындар айтысының 1 кезеңі өтті. Додалы жарысқа әр бөліністен 8 ақын қатысты. Айтысқа төрелік ету үшін  жергілікті айтыскер ақын, облыстық, республикалық айтыстардың жүлдегері Берденбек Мырзат шақырылды. Қызықты да тартысты өткен доданы Ақан сері атындағы жоғары колледжінің студенттері: Дидар Кабиденов, Райымбек Төлеубай қазақтың дәстүрлі әндерімен одан бетер қыздыра түсті. Сөз сайысында суырып салмалық қабілеті бар екенін танытқан 1 атқыштар ротасының сарбазы қатардағы жауынгер Нұрдәулет Назаров 3 орынға тұрақтаса, ақтық айналымда тамаша өнер көрсеткен 1 атқыштар ротасының сарбазы қатардағы жауынгер Қуаныш Досымжанов 2 орынға ие болды. Қарсыластарынан салмақты ой, тапқыр ұйқасымен оқ бойы озық болған 2 жедел мақсаттағы батальонының сарбазы қатардағы жауынгер Исатай Алпысбай бас жүлдені иеленіп, «Орталық» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері арасында өткізілетін ақындар айтысының 2 кезеңіне жолдама алды.

                                                                                               «Көкше-ақпарат».