Қыс мезгілінде таяз су айдындарындағы балық қырыла бастайды. Бүгінде өңірде бұл жағдайдың алдын-алу жұмыстары жүріп жатыр. Сала мамандары Қылшақты өзенінің резервуарындағы шабақтарды аулап, Қопа көліне жіберді.

Тереңдігі бар –жоғы бір жарым метрдей ғана шұңқырдағы қалың мұз астында балықтар оттегіден ашығып, қырыла бастайды. Ал қар еріп, су жайылған кезде қалқыған өлі балықтар көлге өтеді. Бұл табиғи құбылыс. Алайда оның алдын-алуға болады,-дейді сала мамандары.

«Қылшақты резервуарындағы балықтарды Қопа көліне жіберу үшін 20-дан астам балықшылар мен волонтерлар тартылды. Бар балықты сақтап қалу үшін осындай шараларды жүргізуге тиіспізБіз өңірдегі таяз су айдындарының барлығын тексереміз. Қыс мезгілінде мұздың қалыңдығы бір метрден асып кетеді. Сондықтан, мұндай резервуардларды жанжақты қадағалап, осындай жұмыстарды атқарып жатырмыз»,–дейді «Есіл» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім жетекшісі Мұрат Шалабай.

Бүгінде өңірде балық шаруашылығын дамытуға арналған 500-ден астам су айдыны бар. Осы көлдердің 300-ден астамы табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Таяз резервуарлардың барлығында осындай жұмыс жүргізілуі тиіс. Себебі, мұндай табиғи құбылыстың салдары экологияға да әсер етіп жатады.  

«Қыста қатты суық болса, барлығы қырылып қалады. Біз инспекциямен бірігіп, оларды сақтап қалу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Қылшақты өзеніндегі резервуардағы балықтар Қопа көліне қарай өте алмайды. Аралары жабық. Сондықтан біз оларды аулап, қайтадан көлге жіберіп жатырмыз»,–дейді балықшы Дмитрий Ковач.

Бұл шараға 10-нан астам балықшы қатысты. Мұндай жұмыстар дер кезінде жүргізілмесе, шығынға батуымыз да мүмкін,-дейді олар.

     «Көкше-ақпарат»