Жемқорлық – мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашығына кесірін тигізетін індет. Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ. Жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу – олардың жаман әдетке қарсы мәдениетінің қалыптасуына, өз құқықтары мен міндеттерін терең ұғынып, орындауына көмектесудің алғы шарттарының бірі болып саналады.

Ол үшін ең алдымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана керек. Сана қалыптасқан жағдайда ғана адам адамгершілікке жат қылықтардан бойын аулақ ұстай алады, заңға қайшы келетін әрекеттерді жасауға жол бермейді. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны жас ұрпақ тәрбиесіне зиян болатындығы бәрімізді алаңдатады.

Сол себепті Қалалық орталық үлгілі кітапханада «Қоғамның өзекті мәселесі – жемқорлық» атты құқықтық сағат өтті. Іс-шараға Қазақ гуманитарлық-техникалық колледжінің І курс студенттері қатысты. Кеш барысында жүргізуші мен іс-шараға қатысушалардың арасында «Сыбайлас жемқорлық деген не?» – деген сұрақтың төңірегінде диалог орнап, біраз мәліметтер берілді. Студенттерге жемқорлық туралы сұрақтар қойылып, тұжырымды жауаптар алынды. Қоғам өмірінде түбегейлі шешімі табылмай тұрған сыбайлас жемқорлық туралы  бейнежазба көрсетіліп, жастар одан алған әсерлері жөнінде айтып берді. Кеш соңында адамгершілік, адалдықтуралы мақал-мәтелдердің мән-мағынасы ашылды.

Қазақта «Ауруын жасырған өледі» дейтін мәтел бар. Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе аламыз. Әрқашанда адамдық жақсы қасиеттерді сақтап, мақсатты нәтижелерге жету үшін өз мүмкіншіліктерімізбен жетуге тырысайық.

Рустам  Әубәкіров,

Орталық қалалық үлгілі кітапханасының  кітапханашысы