Жуырда белгілі қоғам қайраткері, математик ғалым, Асқар Жұмаділдаев ағамыздың сұхбатын көзім шалып қалды. Асқар ағамыз өз сұхбатында «Қазақ бәйгеден озамын десе технократтық елге айналу керек. Технократтық жүйені рухани байлықпен ұштастырудың жолы бар, ол қиын емес. Оның жарқын мысалы – Жапония. Өзінің ойлау жүйесін қалдырып, оны ғылымның жаңа технологиясымен ұштастырған. Біздің қазақтарға да келетіні осы. Біздің өлеңімізді, әнімізді, ойлау жүйемізді, психологиямызды, менталитетімізді технологиямен ұштастыру керек. Сонда ғана өркендейміз, әйтпесе құримыз» деп жазыпты….

Енді мына қызықты қараңыз.

Өткен айда Созақ өңірінде өткен бір ғылыми жиынға Түркістан обылысын араласын, туған жеріммен таныссын деп араласып жүрген бір жапондық досымды ертіп апардым.Елге жиі бара бермейтіндіктен Шымқаладан бастап Шағаға дейінгі бақилық болған құда-жекжат, ағайын-туғандардың шаңырағына кіріп, көңіл айтып шықтық. Той-қызықшылықтарына қатыса алмаған туыстардың үйіне кіріп шықтық. Таукенттегі досым, әрі сыныптасымның үйінде қонақ болдық. Кіріп шыққан оншақты шаңырақтың бәрінде дастархан жаюлы, көрпеше салулы.    Әр үйге кірген сайын жапондық досым сұрап қояды бұл кім болып келеді сізге деп. Ол шаңырақтың менімен туыстық байланысы өзіме айқын болғанымен, жапондықтың түсінігіне сия қоймады. Айтпақшы, Жарты төбенің тұсындағы жол шетіндегі бұлақтан су ішуге тоқтағанымызда Шолаққорған жақтан шыққан жасөспірім спортшыларды жарысқа апара жатқан автобус та бұлаққа тоқтап, көліктен түскен балалар бірі қалмай «Ассаламуалейкум аға!» деп бізбен қол беріп кезектесе амандасып шықты. Бұл көрініске таң қалған жапон досым «Бұл балаларды танисыз ба? Неге бізбен амандасты?», – деп таң қала сұрады.

Түркістан өлкесіндегі 3-4 күндік сапар мәресіне жетіп, Алматыға қайтып келе жатқанда, жапондықтан осы сапардан түйгенін, алған әсері туралы сұрадым. Аздап ойланып алған соң досым тебірене: «Мен талай құрлықта, талай елдерде болдым. Дәл қазақ сияқты ұйымшыл, бауырмал, ынтымағы жарасқан, дәстүріне берік халықтарды кездестіргенім жоқ. Сіздер қызығатын Жапон елі әлдеқашан ұлттық құндылықтарынан ажырап қалған.  Мысалы, мен әкемнің туған інісін, оның балаларын танымаймын. Араласпаймыз. Тіпті, өз әке-шешеммен, бауырларыммен арамыз жақын деп айта алмаймын. Жатбауыр болып барамыз. Соғыстан кейін қарқынды жүрген нарықтық саясат халықты басқаша сипатта тәрбиеледі. Бізде әркім өзі үшін өмір сүреді, тек өзінің жеке, қарақан басын ғана күйттейді, қиындықтармен жалғыз арпалысады. Ал сіздерде ұжымдық тәрбие сақталған. Осы бірлік сақталса талай асуларды алуға болады.  Менің қорқатыным, сіздер де осы бір тамаша дәстүрден ажырап, біз сияқты өзгересіздер ау… Батырларын үлгі еткен жапондарда бұрынғы самурай рухы әлдеқашан жоғалған. Ер жігіттеріміз бен бойжеткендеріміз үйленуден қашқақтайды. Бойдақтар көп. Бәріміз түгел жапонша сөйлеп, роботтар мен көліктерді, компьютерлер мен озық технологиялар шығарғанды қайтейік, дәстүрлі ұжымдық сипат пен ұлттық құндылықтарымыздан ажырап қалдық» — деп мұңая түйіндеді досым.

ПЫСЫ:

  1. Асқар ағамыздың айтып жүрген ойлары қайтіп елімізді дамытамыз деген ізгі ниеттен туындап отырғаны анық. Дегенмен, «біреудің қаңсығы біреуге таңсық» болмауы үшін үлгі етіп отырған елдерді терең зерделесек. Біз табынып жүрген технологиясы мен экономикасы озық елдердің рухани тұрғыда терең дағдарыстарды бастан кешіп отырғандығын сол елдердің ойшылдары Ясперс, Шпенглер, Тойнби, т.б. айтып кеткендігін ұмытпайық.
  2. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Алдымен экономика, сосын барып мәдениет» деген металлург, экономистер, математиктердің ұранына ілесіп, соңында экономикадан да мәдениеттен де айырылып қала жаздадық. Жалпы, елдің дамуы тек елдегі технологиялар мен экономикаға қатысты ғана емес. Ең алдымен мәңгілік ел болуымыз үшін рухани құндылықтарымыз сақталу керек. Тарихта өткен жер бетінен жойылған империялар экономикасы тұралағаннан емес, рухани азып-тозғаннан құрыды.

Сондықтан да, елдің болашағы туралы дуалы ауыздардың иесі қатып-семген математиктер, физиктер, шахматистер емес, қоғамдық ғылым өкілдері болуы тиіс.

  1. Жапон андай екен, неміс мындай екен деп біреулерге еліктеуді, біреуді үлгі етуді доғаруымыз керек. Қоғамдық, қауымдық байланысы өте тығыз қазақтың өз жолы бар. Тек соны қайта жаңғыртып, заман талабына сай іске асыру қажет. Өкінішке орай, мына нарық деген жалмауыз оның тамырына балта шабуда. Егер осы идеяны іске асырсақ, керісінше, басқа өркениеттер, басқа халықтар, басқа елдер жоғалып, құрып кетпеу үшін бізді үлгі тұтатын болады!

 Талант ТАҢАТАР