Тіл арыстан есік баққан ашулы,

Сақ болмасаң жұтар ерім, басыңды!– Ж.Баласағұни.

 Жаңа Қазақстанға барамыз десек, тіл мәселесіне шындап көңіл бөліп, нақты іс-шаралар жасау керек-ақ. 30 жылдан аса айтылып келе жатқан көпшілік намысты жанкүйерлердің атынан жазып отырмын. Тіл жөнінде небір конференция, т.б. шаралар ұйымдастырылып, арнайы құжат қабылданып, мемлекеттік органдар мен мекемелердің назарына ұсынылып, «қазақ қазақпен қазақша сөйлесін» деумен шектеліп келеміз. Ал нәтиже қандай?

Алғашқы сөзімді белгілі ақын М. Мақатаевтың мына бір өлең сөзімен бастауды жөн көрдім.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Басында белгілі ұлы ғұлама жазушылардың айтқандарына бір зер салып көрейік.

Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады. Ахмет Байтұрсынов.

Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте,

Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте! Қадыр Мырзалиев.

 «Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ…» Р.Ғамзатов. Мына бір сөздерді қазақшаламай өз қалпында қалдыруды жөн көрдім. «Истинная любовь к своей стране немыслима без любви к своему языку. Человек, равнодушный к родному языку, – дикарь. Он вредоносен по самой своей сути, потому что его безразличие к языку объясняется полнейшим безразличием к прошлому, настоящему и будущему своего народа», Константин Паустовский.

Полуязык не есть язык.
Он — как заплеванный родник.
Язык —
это и есть народ.
Язык умрет —народ умрет, Евгений Евтушенко.

Ана тілін білуді талап ету – ол адам құқығын бұзу емес.

Бізбен көршілес өзбек ағайындар өз адамдарына «егер орыс болғың келсе, алдымен қазақ бол» деп мысқылдайтын көрінеді. Өзім көріп, куә болған бір жәйттерді айтсам. Шамасы 40 жылдай бұрынырақ Ташкент қаласының орталық сауда орындарының біріне бардым. Сатушылардың көбі өзбек қыздар екен. Содан бір затты алайын деп, өзбекше білмеймін, орысшалап сұраймын, мені әдейі естімейді. Бірер уақытта бір үлкен өзбек кісі «өзбекше білмесең, қазақшалап сұрай бер» деді. Сол кісінің айтқанымен қазақша сұрап едім, сол кезде ғана қызметін көрсете бастады. Біздің халықта да осындай намыс болса ғой, шіркін…

Бірде Астана қаласындағы бір үйде құдалық отырыс болып, үлкен тамақтан кейін сырттағы демалатын орындарда бір-бірімен әңгімелесіп жатты. Барлығы да тақия киген кісілер, бірақ әңгімелерінің көбі орысшаға ауып отырды. Бір кезде қасымдағы біреуі шығып, маған қарап «сіз неге сөзге араласпайсыз, орысша білмейсіз бе?» деді. Менің оңтүстіктен екенімді біледі, мүмкін өзінше өзін білімді көрсетпек болған шығар. Мен ол кісіге «менің бір адамдай орысшам жетеді, бірақ менің қаным да, жаным да, өзім де қазақпын» деп едім,ол не айтарын білмей, мүдіріп қалды. Осы күндері жасыратыны жоқ, біраз таныстарымның үйіне барғанымда кейбіреулері, көбісі десе де болады, бір-бірімен, немерелерімен де орысша сөйлеп, мәз болып жатады, бұларға не дерсің?

«Қайран тіл, қайран сөз наданға қадірсіз» деп Абай атамыз айтқандай, қазақша сөйлеуді менсінбейтін қазақтар өздерінің надан екенін біле ме екен? Осы келеңсіздікті тез арада қалыпқа келтіру өзімізге байланысты. Қазақша сөйлеуді заңдастырып, міндеттеу, телеарналарда жүргізушісіз, қазақсыз ба, онда мемлекеттік тілде сөйлеңіз. Мемлекеттік қызметке болса да, лауазымды орындарға тағайындалса да қазақ тілінен емтихан қабылдау, қазақша білмейтін, білгісі де келмейтін қазақтардың айлық жалақыларынан қалтаға салмақ түсетіндей процент ұсталса, тек сонда ғана намысы оянып, 3-4 айда қазақша сөйлер еді. Өзіміз қазақша дұрыс сөйлемей, басқа ұлттарға бірдеңе айту орынсыз болар. Намыссыз шала қазақтардың жауапсыздығынан тіліміз жойылып кетуі де мүмкін екенін білсек, шіркін, дәл осындай күйді бастан кешпес едік. Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» деп оята алмай, арманда кетіп еді. Шала ұйқыда жүрген шала қазақтардың намысы жақын арада оянады деп үміттенейік.

                                               Роман Сахиұлы, зейнеткер. Көкшетау қаласы