Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл

Биыл қазақ өнеріне өшпес із қалдырған Ақан сері Қорамсаұлының туғанына 180 жыл толады. Арқаның ардагері атанған Ақан сері – өзі өмір сүрген дəуір шындығын əн-музыка, өлең-жыр туындылары арқылы бейнелей білген ұлы суреткер, дарынды композитор. Асыл өнерімен де, жеке бас əдет-мінездерімен де, сəн-салтанатымен де даралана көзге түскен қазақтың ең қадірлі серісі. Жақсылық пен əділеттік жолына белін бекем буған, ақыл-парасаты биік саналы гуманист.

Ол ақынның айтқыры, əншінің саздысы, сазгердің наздысы.Ақан сері – өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем түспейді. Әділіне көшсек, «Ақан сері» атанып, кезінде жұртшылыққа кең танылуы, атақ, даңқының шар-тарапқа жетуі – әншілік-композиторлық өнерінің жемісі.

Жасынан халықтың ән-күйінен сусындап, өзіне дейінгі әншілік дәстүрді толық меңгерген Ақан сері бертін келе, жігіт шағында серілік құрып, өзі де ән шығарады. Көкшенің сұлу табиғатына көз тігіп, оны албырт сезімді, әсерлі музыка үніне бөлейді. Осы әншілік өнерде Ақан сері жалғыз болмайды. Айналасына әнші-күйші жастарды жинап, өзгеше бір өнерлі топ болып ел аралайды. Ақын, әнші серілердің бәрімен достасады. Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иманжүсіп, Құлтума сияқты атақты ақын-әншілер Ақан серінің ең жақын достары болған. Олардың бәрі Ақан серінің әншілік өнеріне игі әсер еткен, композиторлық талантын жетілдіріп, шеберлік, суреткерлік талғамын шыңдай түскен. Ол қазақтың ұлттық өнерін профессионалдық биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классикалық үлгісін жасады. Сан қырлы дарындылық, поэзия мен музыканың тел қозыдай табысуы, өзіне ғана тән нақыш, жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлік – Ақан сері шығармашылығына тән ең басты қасиеттер. Қазақ мәдениетінің алтын қорына Ақан серінің елуге жуық музыкалық-поэтикалық мұрасы енген.  Оның шығармалары поэтик. тұнықтығымен, образдар әлемінің тереңдігімен, поэтикалық және музыкалық тілінің шырайлылығымен, айрықша талғампаздығымен, нақыштық тазалығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық болмысының басты қасиеттері — өмір шындығын боямасыз жырлауы, психологиялық иірімдерге толы, эмоциялық бояуының қанықтығы.

Жасынан ән-жырға үйір жас жігіт он алты-он жетіге келгеннен кейін-ақ қолына домбыра алып, ән салған, өлең шығарып айтқан. Маңына ақын, әнші, домбырашы, палуан – неше түрлі өнерлі жастарды жинап, серілік, салдық жолына түскен. Ит жүгіртіп, құс салып, аңшылық құрған. Алғыр қыран құс (оны «Қара торғай» деп атаған), жүйрік атқа ие болған.

Серінің ақындық жолы басқа халық ақындары сияқты дəстүрлі жолмен қалыптасады. Ақан өз шығармаларын жазып та шығарады. Сонымен бірге жатқа айтып, ауызекі де таратады.

Ақын еңбектеріндегі көп жырланған тақырып –  жастық, достық, махаббат тақырыбы. Ол қалдырған мұраның бəрі –  жүрек отының жалынындай, терең толғаныстардың туындылары. Оның поэзиясы –  адамның сезім сырнайын тарта білген сыршыл да шыншыл поэзия.

Жас кезінен ол нәзік сезімді, үні мен әсем сазы жан тербеткен әнші болса, өсе келе сол сазына сәйкес ән шығаратын композитор болды. «Сырғақты», «Сырымбет», «Балқадиша», «Көкжендет», «Маңмаңгер», «Құлагер», т.б. оның тамаша әндерін білетін, сүйсіне тыңдайтын адам Қазақстанның қай түкпірінен болсын табылады. Мұхит, Біржан, Ақан серілер халқымыздың ең ардақты, сүйікті әншілері екендігі жұртшылықтың бәріне мәлім.

Аягөз Сабырова, 

 Әділет департаментінің әкімшілік бөлімінің жетекші маманы