«Достар» мәдениет сарайында Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайсаның қатысуымен Ұлттық валютаның 30 жылдығы мен Қаржыгерлер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Салтанатты жиынның мінберінен теңге айналымға ене бастаған жылдары атқарылған қыруар еңбек, содан бері еңсерілген белестер жайында қызықты естеліктер айтылды. Өңірлік қаржы және банк саласына еңбегі сіңген майталман мамандардың мерейі өсіп, атаулы марапаттарға ие болды.

Ән-күй әуелеп, әсем бимен көмкерілген мерекелік іс-шара барысында қала басшысы Бауыржан Ғайса қаржыгерлерді кәсіби мерекемен құттықтап, қаржы жүйесін дамыту мен нығайтуға елеулі үлес қосқан бірқатар банк қызметкерлерін алғыс хаттармен марапаттады. –Өңірдің жалпы, республиканың экономикалық әл-ауқатын нығайтуға күш салып, еңбек етіп жүргендеріңіз үш алғыс айтамын.

Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, – деп жылы лебізін білдірді қала әкімі.

Марапатталғандар қатарында Күлбибі Бектасова, Қайырбек Болатбаев, Валентина Скрипоченко, Светлана Костян, Жұлдыз Құдайбергенова, Бақыт Оспанов, Абай Сейітқасов, Гүлмира Сауытбекова, Қарлығаш Сағандықова, Айбас Жарқымбаев сияқты сала ардагерлері бар. Теңге айналымға енген жылдардан бастап Ұлттық банктің облыстағы филиалын басқарған Асылхан Оспанов саналы ғұмырын өңірдегі қаржы жүйесін ілгерілетуге арнаған.

– Ұлттық теңге жөнінде айтар сөз көп. Теңге теңге болғалы да 30 жыл болды. Осы жылдар ішінде әлемге белгілі валюта ретінде танылды. Өзіміздің ішкі нарықта құны жоғары. Жылдан-жылға цифрлық технология дамыған сайын қолма-қол есеп айырысу азая бастады. Банк саласында жаңа бағдарламалар көбейді. Бұл – қуанатын жағдай. Ұлттық банк жиырма жылдан бері әлемдік стандарттарға сай жұмыс істеп келеді. Реформа жасау оңай шаруа емес. Біз теңге шыққалы үш рет реформаға ұшырадық. Соның бәрінде халықпен жұмыс жүргіздік, – дейді сала ардагері.

Мерекелік шара қаламыздың өнер ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Ә.ҰЛАНҚЫЗЫ