Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса шаһардың әлеуметтік экономикалық дамуы мен алда атқарылатын істер жайлы брифинг барысында айтты. Журналистер мен қала тұрғындарының сауалдарына жауап бере отырып, әлі де шешімін күткен мәселелерге тоқталды. Мердігерлердің жауапсыздығынан Қопа көлі жағалауының тапсырылмауы, көгілдір отын тапшылығы, автобус қатынасының күрделенуі,  оқыстың уақытында шығарылмауы сияқты өзекті жәйттерге қатысты сауалдар көп қойылды.

Жыл басынан бері қаладағы жол желісінің 15 шақырымы жөнделді. Биыл Бейбітшілік, Застанционный шағын аудандары жолының кейбір бөліктері жөнделді. Ал, Сүлейменов көшесіндегі 54 метрлік жаңа көпір құрылысы тұралап қалды. Мәселенің мәні мынада. Көпір салмақ көтеретіндей берік болуы тиіс. Ол үшін құрылысшылар бір күні көпір үстінде, екінші күні көпір астында жұмыс істеуі керек. Бұл, құрылысты мерзімге сай аяқтауға кесірін тигізген көрінеді. Жоба құны – 520 миллион теңге. «Осы жылы біз Сүлейменов көшесіндегі көпірдің бір бөлігін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл мәселені желтоқсан айында шешеміз. Бүгінгі күні атқарылған шаруа көп. Подъездердің алдына асфальт жамылғысы төселді. Енді бөренелер мен плиткаларды төсеу жұмыстары қалды. Қалған шаруалар аяқталысымен, тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін көпірдің бір бөлігін пайдалануға береміз. Нақты жауабым осы. Желтоқсан айында көше ашылады», – деді қала әкімі. Негізі, 2022 жылға дейін 20 шақырым жол жөнделмек. Бұл мәселе реттеліп келеді. Келесі, қоғамдық көлік мәселесі халық көңілінен шықпай отыр. Автобусты ұзақ күту, аялдамада тосып тұру жиілеп кеткен. Оның үстіне, қоғамдық көлік мүлдем қатынамайтын шағын аудандар да бар. Қала әкімінің айтуынша, бұл өткір проблема болып қала бермек. Тіпті, жанар-жағармай бағасының қымбаттауына байланысты жолақы төлемі де көтерілуі мүмкін. Десе де, қала дамуында оң нәтижелер де баршылық. Мәселен, биыл тұрғын үй құрылысына құйылған инвестиция көлемі – 20 миллиард теңге. Бір мыңнан астам көкшетаулық қоныс тойын тойлады. Сондай-ақ, 40-тан астам көппәтерлі тұрғын үй жаңартылды. Шаһар басшысы Нұрлы көш елді мекеніндегі үйлерді жөндеу туралы мәселені енді қайтып көтермеуді сұрады, себебі тұрғындар бұдан былай өз үйін өзі жөндейді. Ал, қаланың тазалығына әрбіріміз жауаптымыз. Тұрғындарды мәдениеттілікке тәрбиелеу керек, сонда ғана шаһарымыз көркейе береді.

Г.БӘЙІШЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *