«Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында бұған дейін бірнеше округте жұртшылық алдында есеп берген Көкшетау қаласы әкімі Бауыржан Ғайсаның тұрғындармен кезекті кездесуі «Достар» мәдениет сарайында жалғасты.

Қала әкімі өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге тоқталып, әр сала бойынша атқарылған істерге шолу жасады. Оның айтуынша, 2021 жылы «Гормолзавод» ЖШС, «Eurasia Group Kazakstan» ЖШС, «ЕNKI» ЖШС сияқты кәсіпорындар өндіріс көлемін кеңейтіп, қалада 2 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары құрылды. Шаһар шаруашылығы көп салалы. Қала тұрғындары үшін пайдалы да маңызды жобалар қолға алынғалы отыр. Индустриялық-технологиялық парктің екінші кезеңі басталған «КАИК» ЖШС, қабырға панельдерін шығаратын «Бетон» СКЦ ЖК, макарон өндіретін «AGROFIDELITY» ЖШС, қаптар шығаратын «Көкше city» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындардың өндірісін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Халықтың тұрғын үйге деген сұранысын өтеудің бір жолы – құрылыс қарқынын дамыту. Өткен жылы 200 мың шаршы метрден астам коммерциялық және әлеуметтік тұрғын үйлер қолданысқа берілді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандар үшін 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
«ТКШ жаңғырту» бағдарламасын орындау үшін 40-тан астам көппәтерлі тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыс тек облыс орталығында ғана емес, ауылдық округтерде де жүргізілуде.

Өткен жылы Абай-Әуелбеков-Тәшенов-Пушкин көшелері бойындағы аула аумақтарын күрделі жөндеу аяқталды. Биыл Абай-Тәшенов-Әуелбеков-Ғабдуллин көшелеріндегі
аула аумақтарын күрделі жөндеу жобасын іске асыру жалғасады.

Өңір жетістігі – бұл әрбір қызметкердің, әрбір еңбек ұжымының, әр мамандықтағы адамдардың еңбегі. 10 ақпан мен 10 наурыз аралығында «Халықтық қатысу бюджеті» жобасына өтінімдер қабылдау ұйымдастырылды. Бұл қала аумағын абаттандыру бойынша идеялар байқауы. Көкшетау қаласы әкімдігінің ресми сайтында әрбір тұрғын қалаған жобаға дауыс бере алады.

Көкшетау жыл өткен сайын құлпырып, ажарлана түсуде. Түрлі көрікті орындар пайдалануға беріліп, сәулеті жарасқан қалаға айналуда. Бірақ осы сәулетті құртып тұрған бір нәрсе бар, ол – тазалық. Жергілікті билік те Көкшетауды таза қалаға айналдыру үшін барын салуда. Бірақ жалпы қала тұрғындары бұл іске араласпаса, жұмыстың нәтижесіз бола беретіні белгілі. Абаттандыру жұмыстары біреу үшін жасалып жатқан шаруа емес, бәрі де өзіміз үшін. «Қала тазалығы өзімізден басталатынын атап өткім келеді. Әрбір қала тұрғыны өзінің кіші Отанындағы тазалық пен тәртіпті түсініп, оған жауапты болуы керек. Көкшетаудың көрікті, әсем келбетін сақтауға әрқайсымыз үлес қосайық! Барлық тұрғындарды аумақтарды санитарлық тазалау және абаттандыру айлығына қатысуға шақырамын!» – деді қала әкімі Бауыржан Ғайса.

Сумен жабдықтау мәселелері ерекше бақылауда. Қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «өнімділігі тәулігіне 30 мың текше метр су тазарту құрылыстарын қайта жаңарту және кеңейту» жобасы іске асырылуда.

Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін негізгі мәселелердің бірі – жылумен жабдықтау. 2021 жылы бірінші бу қазандығында 100 гигакалориялық жаңа газ-мазут қазандығы пайдалануға берілді. Сейфуллин, Байтұрсынов, Әшімов, Ғабдуллин, Әуелбеков, Абай көшелерінде ұзындығы 2 мың метрден астам магистральдық жылу желілерін ауыстыру бойынша жұмыстар, НПС-2 сорғы станциясының технологиялық жабдығын қайта жаңарту жүргізілді.

Биыл «ЕNKI» зауытынан Васильков шағын ауданына дейінгі ТМ-2 жылу магистралін ауыстыру, Темірбеков, Құдайбердиев, Әшімов көшесіне дейінгі, Әуезов, Пушкин, Ғабдуллин, Әшімов, Ғабдуллин, Сәтпаев учаскелеріндегі жылу магистралін жаңарту көзделіп отыр. Осы жобаларды іске асыру аясында жерасты құбырларын өткізу қарастырылған, бұл қаланың сәулеттік келбетін едәуір жақсартпақ.

Қала әкімі шаһардың дамуында көптеген мәселелердің шешімін тауып келе жатқанын айта келе, әлі орындалмаған, қомақты қаржыны талап ететін мәселелерге тоқталды. Солардың бірі – жылу электр орталығының құрылысы. «ҚР Премьер-Министрінің 2021 жылғы 29 қазандағы тапсырмасына сәйкес Көкшетауда ЖЭО салу жобасын одан әрі іске асыру республикалық деңгейде жүргізілуде. ҚР Энергетика министрлігі мүдделі органдармен бірлесіп ведомствоаралық комиссия құрды, жобаны іске асыру бойынша Жол картасы әзірленді. Қазіргі уақытта ҚР Энергетика министрлігі «Электр энергетикасы туралы» ҚР Заңының 15-6-бабына сәйкес өткізілген тендердің нәтижесін пысықтауда, бұл осы жобаны іске асыру мерзімін айтарлықтай қысқартуы мүмкін», – деп атап өтті қала басшысы.

Күн санап көркейген қалада көше жөндеу, жарықтандыру жұмысы да шешімін табуда. Биыл Пушкин, Темірбеков, Шевцов және Мамыр көшелері бойынша ағымдағы жөндеу және көше жарығын қалпына келтіру жұмыстары жоспарланған. Застанционный мен Бірлік шағын аудандарында да бұл жұмыстар жалғасады. Сүлейменов көшесіндегі көше жарығын ағымдағы жөндеуге техникалық құжаттама әзірленбек. Қаланың шекті аумақтарының жолдарын ретке келтіру биыл да жалғасын табады. Жол салу да бірер жылдың еншісіндегі іс емес. Күтіп ұстау үшін де қыруар қаржы керек. Былтыр 15 км көше-жол желісі жөнделді, 2022 жылы 20 км жоспарланған.

Қопа көлінің төңірегін түлету де соңғы жылдары қолға алынған ауқымды жобалардың бірі. Осы аумақтан Красный яр ауылындағы Ұмышев көшесіне дейінгі айналма жолды абаттандыруға жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда. Бұл жобаға Шағалалы өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы да кіреді. Назарбаев даңғылы мен Қуанышев көшесі бойындағы айналма жолға дейінгі учаскелерді қайта жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында облыс орталығында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. ҚР Үкіметінің Қаулысымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне өнімнің 19 түрі кіреді. Көптеген тауар бағасы өнімділікке, логистикаға, шикізатқа және нарықтық қатынастарды реттейтін көптеген басқа факторларға байланысты. Кәсіпкерлермен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесін ұстау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, ол түскен тауар құнының 15%-ынан аспауы тиіс. Бағаны көтеру фактілері анықталған жағдайда кәсіпкерлік бөліміне 25-60-80, 25-50-20 нөмірлері бойынша хабарласуға болады.

Қала аумағында мамандандырылған «Kokshe Market» дүкендері ашылды, онда жергілікті азық-түлік тауарлары делдалсыз сатылады. Сонымен қатар, қала әкімдігі «Көкше» ӘКК-мен үйдің жанындағы дүкендерден әлеуметтік сөрелер ашу туралы келісімге қол жеткізді. Бүгінгі таңда бұл жұмыс 10 дүкенде жүргізілді.

Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шараларын іске асыру жалғасуда. – Бүгінгі күні 505 отбасына 56,2 млн теңгеден астам сомаға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленді. Былтыр тұрғындардың осы санатына арналған Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде баспана сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін 1 млн теңге мөлшерінде бес тұрғын үй сертификаты берілді. Биыл 20 сертификат беру жоспарланып отыр. Бұған мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы аналар, толық емес отбасылар үміткер бола алады, – деп түсіндірді қала басшысы.

Халықты сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі. Көпсалалы балалар облыстық ауруханасының негізінде «Қамқорлық» оңалту орталығы жұмыс істеуде. Ересектер мен балаларға оңалту қызметтерін көрсететін қалалық аурухана аумағында бір ауысымда үш жүз адамды қабылдайтын емхана құрылысы бойынша жоба қаралуда. Сарыарқа шағын ауданында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Виамедис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жаңа клиникалық-оңалту орталығының құрылысы аяқталуда.

Жарқын болашағымыздың ажырамас бөлшегі – білім беру. 2021 жылдан бастап білім беру бөлімдері облыстық құрылымға жатады. Мектептердің жүктемесін азайту мақсатында №1, 4, 6, 13 мектептерге қосымша ғимараттар пайдалануға берілді. Сарыарқа шағын ауданында 1200 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Мемлекеттік тапсырыс аясында спорттың 12 түрі бойынша балалардың спорт секцияларына қатысуын жан басына қаржыландыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Өтінімдер artsport.edu.kz платформасы арқылы қабылданады. Бүгінгі таңда 4 мыңнан астам бала қамтылған.

Жастарды спортқа, салауатты өмір сүру салтына тарту жолдарының бірі – балалардың ойын және спорт алаңдарын көбейту болып табылады. 2021 жылы Көкшетауда 15 спорт және 9 балалар алаңы қолданысқа берілді. Сарыарқа шағын ауданында «Арлан» хоккей академиясы үшін жабық футбол және волейбол алаңдары, әлеуметтік-қоғамдық мақсаттағы нысандар, қонақ үй қамтылатын шайбалы хоккейге арналған жабық мұз аренасының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысанды іске қосу бір мезгілде 400 баланы оқытуға мүмкіндік береді.
«Қалада біраз жұмыс атқарылды. Енді алдағы уақытта да жолдарды жөндеуді, тұрғын үйлер салуды, балалар ойын алаңдары мен спорт алаңдарын көбейтуді, бір сөзбен айтқанда ару шаһарымызды абаттандыруды жалғастыра береміз», – деп түйіндеді қала әкімі.

Жиынға келгендер өздерінің ой-пікір, ұсыныс-тілектерін айтуға мүмкіндік алды. Қарап отырсақ, шығып сөйлеушілер қоғамдағы оң өзгерістерді жіті бақылап, оған деген көзқарастарын білдірумен бірге, қаланың әлеуметтік-мәдени дамуын да қалт жібермейтіндіктерін көрсетті. Әрине, бұл да адам санасындағы оң өзгерістердің нәтижесі. Демек, ой өспей, өмір көшіне ілесе алмайтынымыз анық.

Әсем ҚҰЛЖАНОВА