Ақмолалық балғындар қағаз қалдықтарын кәдеге жаратып, көздің жауын алатын бұйымдар жасайды. Зеренділік оқушылардың кейбірі туындыларын табыс көзіне айналдырып үлгірген. Бүгінде туристер арасында балалардың бұйымына сұраныс жоғары. Жас қолөнер шеберлері көрме де өткізіп тұрады.

Томирис патшайымның киімі. Бұл жас шебер Жұлдызай Ерғалиеваның туындысы. Сауыт сайманынан бастап бас киіміне дейін қатты қағаздан жасалған. Ол бұл жұмысына төрт ай уақытын арнапты. Айталық,  қолөнер шеберлері әр туындыларында папье-маше технологиясын қолданады. Мектеп оқушысы Жұлдызай Ерғалиева:

 «Папье-машеде үш тәсіл бар. Біріншісі – ол маширование, қағазды үстіне жапсыру. Екіншісі қағаз массасы. Үшіншісі картон. Картонды үсті-үстіне жапсыру. Сондықтан бұл менің ең үлкен жұмысымның бірі. Республикалық жарыста осы туындым екінші орынды иеленді»,– дейді.

Барлық мүсін құдды бір  қоладан құйылғандай. Әсіресе, жауынгерлер мен бүркітші баланың бейнесі. Сондай-ақ, Жамбыл Жабаев пен Шоқан Уәлихановтың шағын мүсіні де кәсіби сәулетшілердің еңбегінен кем түспейді. Қатты қағаздан жасалған туындылар тіпті ерекше. Мұның бәрі оқушылардың қиялынан туған дүниелер. Үйірме жетекшісі Гүлайым Ақпаева:

«Иә, әрине балалардың қызығушылығы зор. Балалар өз туындыларын жақындарына сыйлайды. Мерекелік кештерге ұсынады. Сондай-ақ, осында жүрген демалушыларға сатып, ақша да табады», – дейді.

Мектеп оқушысы Айя Асқар болса, осы үйірмеге келіп көп нәрсе үйрендім дейді. Көптеген сайыстарға қатысқан. Өз бұйымдарын анасына, әкесіне, туысқандарына сыйға тартады. Бүгінде үйірмеге 30-дан астам балғын барып жүр. Олар республикалық сайыстар мен көрмелерді қалт жібермей, қатысып тұрады. Ал түрлі бұйымдар мен мүсіндер туристер арасында сұранысқа ие. Бұл жас шеберлердің тұрақты табысына айналып отыр.

 Г. БӘЙІШЕВА