Қалалық мәслихат хатшысы Рүстем Қалышевтің төрағалығымен VII шақырылған Көкшетау қалалық мәслихатының 23-ші кезектен тыс сессиясы Көкшетау қаласының құрметті азаматы атағын беруге арналды.

«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» ҚР Заңының негізінде депутаттар сот жүйесін нығайтуға және жетілдіруге зор үлес қосқан көрнекті қоғам қайраткері Михаил Малаховқа құрметті атақ беру туралы шешім қабылдады.

Михаил Федорович Көкшетау облыстық соты төрағасының орынбасары, Көкшетау облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып еңбек етті. Кәсіби дағдылары мен ұйымдастырушылық қабілеттерінің арқасында М.Малахов Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы, ҚазКСР Әділет Министрінің бірінші орынбасары, ҚР Жоғарғы Соты төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалады. 1993 жылдан 1996 жылға дейін Жоғарғы соттың төрағасы қызметін атқара отырып, ол егемен еліміздің жаңа заңнамалық актілерін қабылдауға белсенді қатысты.

«Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағына 1970 жылы еңбек жолын ауылдан бастаған жерлесіміз Рашит Әкімов ие болды. Ол Целиноград ауылшаруашылық институтын «ветеринар» мамандығы бойынша, 2005 жылы «Фемида» заң академиясын «Заңгер» мамандығы бойынша бітірді, КСРО Қарулы Күштері запасының полковнигі болып табылады. Целиноград ауыл шаруашылығы институтының оқу-тәжірибелік шаруашылығының аға ветеринариялық дәрігері, ветеринария ғылымдарының кандидаты болып еңбек етті. Институт директорының орынбасары, Целиноград аудандық әкімшілігі басшысының орынбасары, «Нұра»АҚ Басқарма төрағасы болды.

Әр жылдары Рашит Қайыржанұлы Целиноград, Астрахан, Ақкөл аудандарының, Көкшетау қаласының әкімі қызметін атқарды, Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды, 2014 жылдан 2020 жылға дейін – Ақмола облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты болды.

Отырыс барысында кондоминимум нысанын басқаруға және ортақ мүлікті ұстауға жұмсалатын шығыстардың ең аз мөлшерін бекіту туралы мәселе де тыңдалды. Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы А.Рахымжанов «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның тармақтарына сәйкес 1 шаршы метрге 45, 53 теңге бекітуді ұсынды. Халық қалаулылары бұл бастаманы қолдады.

Ә.ҚҰЛЖАНОВА