Көкшетау қаласы жалпы орта білім беретін № 4 мектебінде «Қазақстан: құндылықтар мен перспективалар» тақырыбында тарих пәні мұғалімдерінің ұйымдастыруымен кеңейтілген ғылыми тәжірибелік конференция болып өтті. Конференцияның негізгі мақсаты өскелең ұрпақ бойында қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дарыту, насихаттау, тарихи сананың қалыптасуы мен тәжірибе алмасу алаңын орнату болды.

Аталған конференцияға  мектеп оқушылары, мұғалімдер және университеттен оқытушылар жұмылдырылды. Конференцияның өткізу регламенті, басқарылуы бойынша тізгінді мектеп басшысы Мадина Хасенова өз қолына алып, тиянақты өтілу барысын қадағалап отырды. Конференцияның ашылуы музыка пәні мұғалімі Ағайдар Ұлболсынның орындауындағы қазақтың құйқылжыған керемет «Туған жер» әнімен басталды. Өткізілу кестесіне сәйкес алғашқы баяндама кезегі тарих пәндерінің әдістемелік бірлестік жетекшісі Юлия Кузьминаға берілді.

«Қазақстандықтардың құндылықтары мен тарихи санасы» тақырыбындағы оқылған баяндама бойынша оқушылар тарапынан қызықтырған сауалдар қойылып, толыққанды жауаптар алынды. Сонымен қатар, мектеп парламентінің мүшесі 9- сынып оқушысы Бексұлтан Бауыржанның «Қазақ халқының тарихи даму кезеңдері», мектеп парламентінің мүшесі 8- сынып оқушысы Гейзе Эдуардтың  «Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі басымдықтары» , ағылшын тілі пәні мұғалімі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Никита Шишкиннің қазақ тіліндегі «Тәуелсіз Қазақстанның мәдени құндылықтары» тақырыбындағы және мектеп кітапханасының меңгерушісі , «Үздік кітапханашы-2022» атағының иегері Махаббат Ережепованың «Қазақ елінің рухани-мәдени құндылықтары» атты баяндамалары конференцияға қатысушылар тарапынан ерекше қызығушылық тудырып, сауалдар жолданып, талқыланып өтті.

Әсіресе, Ш.Уәлиханов университетінің оқытушысы, Ақмола облысы Аналар кеңесінің мүшесі, гуманитарлық ғылымдарының магистрі Айнұр Жахинаның «Жас ұрпаққа рухани елжандылық тәрбие беру» тақырыбындағы оқыған баяндамасы  өскелең ұрпақты, әсіресе баланы отбасында тәрбиелеумен, ұлттық құндылықтардың  негізінің отбасында берілуі, отбасындағы әке, ананың орны туралы және елжандылыққа тәрбиелеу кіші отаннан басталуы керектігін нақтылап өтті. Әрине кез келген отбасының өзіне тән дәстүрі, салты болғанымен, ұлттық құндылық бір шаңырақ астына біріккен көп ұлтты қазақ халқы үшін орны бөлек тәрбие екені сөзсіз. Конференция өз мәресіне жетіп, таңдалған тақырыптар мен өзекті мәселелердің ой толғауы өрбіген келелі кеңесті негізгі басымдықтарына сай бағалап, әр қатысушының ерекше тұстарына тоқталып  өткен мектеп басшысы, әр қатысушыға сертификат табыстады. Конференция мектеп мұғалімі Азамат Маңғұттың орындауындағы қазақ үшін, тұғыры биік «Атамекен» әнімен қорытындыланды. Жалпы алғанда, тағлымы терең, тынысы кең, қазақ жұртымен оның рухани болмысының байи түсуіне әсері мол осындай негіздегі тамаша жиынның ұйымдастырыла беруі әрине құптарлық шара.

Нұрсәуле  МҰРАТ,

№4 жалпы орта білім беретін мектептің ғылыми әдістемелік жөніндегі орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі