Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтың көрнекті ақын, жазушы, публицист, қоғам қайраткері, қазақ поэзиясының шолпан жұлдыздарының бірі Мағжан Жұмабаев шығармашылығына арналған «Мен жастарға сенемін» атты авторлық жобасы өтті. Көкше ақын-композиторларын зерттеп, үнемі шығармашылық ізденісте жүретін Сәрсенбай Хасенов бұл күні Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына тоқталып, жауһар туындыларын көрермен назарына ұсынды.

   Бұл кеште Мағжан Жұмабаевтың өлеңіне жазылған төрт әннің тұсаукесері кесілді. Филармония әншілері Саида Сағди «Бесік жыры» әнін, Жанар Сақтағанова «Жұлдыздарға» әнін, Жанат Есов «Тез барам» әнін, Аякөз Қалмағанбетова «Айрылғанда» әнін алғаш рет орындады.Сол сәтте әдебиетіміздің ірі тұлғасы, Абай шыңына иықтаса орналасқан сеңгірі, сыршыл өлең сөздің зергері Мағжан Жұмабаев ұзақ жылдар­дан соң, мынау алды кең, тынысы еркін, бетбұрыс заманның есігін айқара ашып, ор­тамызға қайта оралғандай әсерде болдық.

   Сөз алған қонақтар сыршыл да өршіл маржан жырларының құдіреті арқылы өзінің бүкіл болмысы мен поэзиясының ерекшелігін танытып кеткен ұлы ақын жайлы ойларымен бөлісті.

                                                                                              «Көкше-ақпарат».

Фото, Сәрсенбай Хасенов