Қайран дүние-ай, қазақтың маңдайына біткен дара перзенті Еркін аға Әуелбековтің де жарық дүниемен мәңгілікке қоштасқанына 29 қаңтар күні тура 25 жыл толды. Көңілге қуаныш пен үміт ұялататын осынау сәтте атақты жерлесіміз, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлының рухына тағзым ету үшін әріптес шәкірттері, қала жұртшылығының өкілдері ескерткішіне, Қ.Сәтпаев көшесі, 15 үйдегі мемориалдық тақтасына гүл шоқтарын қойды.

Асыл ағаның заңғар мүсінді ескерткіші жанында өткен митингіні кіріске сөзбен ашқан Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев Еркін Нұржанұлының қазақ елінің гүлденіп, көркеюі жолында сіңірген еңбегіне тоқталды. Сондай-ақ қоғам қайраткері Болат Жанәділов, еңбек ардагерлері Теңбай Ыбыраев, Тыныштық Ахметова, Айдар Мурзин, тележурналист Қалымбек Мұхамеджанов та өздері куә болған сәттерден естеліктер айтты. Бұл күні қаладағы барлық мешіттерде Еркін ағаның рухына бағышталып құран оқылды.

А. АЙҒАРА.