15 ақпан – Ауған соғысы ардагерлерi үшiн естен кетпес ерекше күн. Дәл осы күнi Кеңес әскерiн Ауғанстан жерiнен қайтару туралы шешім қабылданды. 1979 жылы 25 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғанстан әскерлері құрамында Қазақстаннан 22269 жауынгер интернациональдық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған азаматтар елге мүгедек болып оралды.

Ақмола өңірінен ауған жеріне 1113 сарбаз аттанып, оның 61-і үйлеріне оралмады. 3 сарбаз хабарсыз кетті. 2012 жылы 1 сарбаз табылып,  5 сәуір  күні   Ауғанстанда хабарсыз жоғалып кеткен Бурабай кентінің тұрғыны Алексей Зуевтің Бурабай ауданы Щучье қаласында қайтадан жерлеу рәсімі өтті. Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша  724 ардагер бар.

          Тұтас бір ұрпақтың, дәуірдің трагедиясына айналған қарулы жанжал халық жадынан ешқашан ұмытылмайды. Даңқты батырымыз  Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс – күймесің» деген жалынды сөзі бүгінде нақ  біздің интернационалист-жауынгерлеріміздің өмірімен тура қабысып жатқандай.

  «Салтанат» сарайы жанындағы қалалық үлгілі кітапхана  «Достар» мәдениет сарайында  Кеңес әскерлерінің  Ауғанстан Республикасынан шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауған соғысының отты жылдары» атты кездесу өткізді.

Шара мақсаты Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарды еске алу және жастарға патриоттық рух беріп,  аға буын ұрпаққа құрметпен қарауға, туған жерін, Отанын сүюге, халқына адал қызмет етуге тәрбиелеу болып табылды.

Кездесуге Көкшетау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы  Күнім Әбдісалыққызы Уразбаева,  қан майданда шыңдалған қайсар жүректі Ауған соғысының ардагерлері,  Ақмола облысы бойынша «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ыбрай Дуанбай Кәзібайұлы, Қалалық ауған соғысы ардагерлері бірлестігінің төрағасы Болат Тілеуғабылұлы Шарипов,  елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан интернационалист-жауынгерлер Қанат Бралин, Талғатбек  Балакаев, Ришад  Макеев, Болат Уаисов, Нұрбек Абылкасымов, Марат Қожахметов, Өмірсерік  Дәулетжанов  және кітапханамен ынтымақтастықта жұмыс жүргізіп жүрген Ақмола облысы бойынша Қарулы күштер ардагерлерінің төрағасы, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті әскери кафедрасы басшысының орынбасары Жанат Малғаждарұлы  Ережепов,  Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы  көпсалалы колледжінің «Педагогикалық мамандықтар бөлімі» меңгерушісі Айнагүл Елемесқызы Бейсембина, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Студенттерге Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктері  насихатталып, солақай саясаттың құрбаны болған жастар жайлы мағлұмат берілді. Жат жердегі соғыстың тарихи маңызы анықталып, Отан алдындағы парыз, туған жер үшін өз-өзін құрбан ету сияқты қасиетті борыштың не екені кейінгі толқынға үлгі етілді.

Тәлімді ғибратқа толы бұл кездесуде жастық шағын оқ пен от арасында өткізген интернационалист-жауынгерлер сұрапыл күндерді еске алып, естеліктерімен бөлісті.  Студенттердің қойған сұрақтарына жауап берді. Өр тұлғалы, ерен мінезді ардагерлермен сұхбаттасқан  студенттердің  бойында патриоттық сезім ұялады. 

Ардагерлер құрметіне   Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы  көпсалалы колледж студенттері мәнерлеп өлең оқып,  «Достар» мәдениет сарайы әншілері   патриоттық әндерді шырқады. Кітапханашылар бірнеше тақырыптық  бөлімнен тұратын кең ауқымды көрмеге шолу жасады.

Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрме «Ауған соғысы-тарих қойнауының бір парағы» атты  кітап көрмесінен басталды. Көрмеде  Отан алдындағы борышын адал атқару жолында шейіт болған боздақтар және бейбіт өмірде өз үлесін қосып жүрген Ауған соғысы ардагерлерінің есімдері берілген «Даңқ» энциклопедиялық анықтамалығы,  Бақытбек Смағұлдың әскери прозаның биігіне шыққан шығармалардың бірі «Тағдыр тозағы» кітабы қойылды.  Автор  шығармасында Ауған соғысына арқау болған Арамдық пен Әділетсіздіктің бетін ашып, қан-жоса іздерін, зор қиянатын әшкерелеген.  Бақытбек Смағұлдың бұл кітабын оқыған адам бейбіт күннің қадірін түсінеді.  Оның кейіпкерлері бейбітшілік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауға шақырады.

Көрмеден Бақытбек Смағұлдың шығармаларының 3 томдығы да орын тапты. Қаламгер екінші томында  атақты Қара майор,  Борис Керімбаевтың ерен елігіне тоқталады.  Батыр бейнесінің  асқақ мүсінін сомдайды. Автор отаншыл асқақ рух, мемлекетшіл  биік сана, соғыс пен бейбітшілік туралы өз пайымдарын ортаға салады. Марат Жүніс-бектің «Тағдыр» кітабында Ауған соғысының бел ортасында жүрген тірі куәгері, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертайұлы Ертаев туралы жазылған.  Жерлесіміз,  Зеренді ауданына қарасты Ақан ауылының тумасы, әскери қайраткерзапастағы полковник Амангелді  Жантасовтың «Второй мусульманский»  кітабында  177-ші батальонның арнайы мақсаттағы жеке жасағының құрылу тарихы көркем тілмен суреттелген.  Көкшелік публицист Әлия Ахетованың «На той войне не знаменитой»  және  «Сестра моя жизнь»  кітаптарынан  оқырмандар ақмолалық  Ауған соғысы ардагерлері туралы ақпарат алуына болады.

       «Естен кетпес естеліктер» атты  бөлімде студенттер ақмолалық Ауған ардагерлерінің  бейбіт өмірде түрлі патриоттық шараларда түскен фото суреттерімен,  «Полковниктің дара жолы» атты бөлімде жас ұрпақты патриотизм рухында  тәрбиелеуге  белсенді  атсалысып жүрген «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ыбрай Дуанбай Кәзібайұлының    өмірбаяны,  алғыс хаттары, орден, медальдарының кітапшалары, жеке текті құжаттарымен танысты. Кітапхана көрмесін Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің  «Уақыт бізді таңдады» атты көрмесі толықтырды.

Шара соңында Ақмола облысы бойынша «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» ҚБ  төрағасы Дуанбай Ыбрай мен Қалалық ауған соғысы ардагерлері бірлестігінің төрағасы Болат  Шариповқа Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы  Серік Сапарұлы Жетпісқалиев  «Тасқайрақ» атты кітабын сыйға тартты.

Бақытжан Айдосова,  

«Салтанат» сарайы жанындағы

қалалық үлгілі кітапхана меңгерушісі .

фото, Айдосова